×

«Табанының бүрі жоқ». Депутат педофилдерге хирургиялық кастрация жазасын енгізуді тағы ұсынды

Қазақстанда химиялық кастрация жазасы қарастырылған

 Дәурен Ерболат 05.02.2024 | 16:54
көрнекі фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев педофилдерге қатысты жазаны күшейтіп, оларға хирургиялық кастрация жасауды енгізуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілісте әйелдер мен балалар қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмысы бойынша жауапкершілікті күшейту мәселесі талқыға салынды. Жиында депутат Елнұр Бейсенбаев педофилдерге жазаны күшейту маңызды екенін жеткізді.

«Қазір оларға қатаң жаза тағайындалады. Олар өмір бойы түрмеге қамалады. AMANAT фракция атынан бір топ депутат хирургиялық кастрация туралы ұсыныс берген едік. Бірақ Үкімет бұл жағдайда табанының бүрі жоқ екенін көрсетті. Бұл түзетуді қолдамады. Әртүрлі сылтау келтіріп, мұның адам құқығы конвенциясына қарсы екенін айтты. Алайда аргументі әлсіз. Еуропа елдерінде хирургиялық кастрация бар. Біз педофилдің бәрін кастрациялау керек деп тұрған жоқпыз. Біз шешімді сот қабылдаса дейміз. Егер педофилия аса қатігездікпен жасалса, біз хирургиялық кастрацияны жасау керек деп есептейміз. 30-40 жылдан кейін түрмеден шыққан адам қылмысын қайталамайды деп ешкім айта алмайды», - деді депутат.

Депутаттың пікірінше, қолданыстағы заңға түзету енгізу керек.

Олар (педофилдер) адам емес. Біз фракция атынан бәрібір осы түзетуді ұсынамыз, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мұндай ауыр қылмыс жасағандарға заңда химиялық кастрация жазасы қарастырылғанын жеткізді.

Елімізде медициналық кастрация бар. Сот өзі шешім қабылдайды. Ішкі істер министрлігі жазаны күшейтуге қарсы деп айта алмаймын. Біз жазалаушы орган ретінде жазаны күшейтуге дайынбыз, – деді ол.

Депутаттың бұл ұсынысын Оқу-ағарту министрлігі де қолдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама