Halyq Uni логотип
×

Маңғыстауда 100-ге жуық мектеп түлегі жауапқа тартылды

Облыста түлектердің бірнеше жол апатына себепкер болғаны белгілі

 Қымбат Елтайқызы 26.05.2022 | 14:30
Маңғыстауда 100-ге жуық мектеп түлегі жауапқа тартылды
фото: Sputnik / Айсулу Жумагулова

Маңғыстауда 90-ға жуық түлек әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.

«Маңғыстау облысында жалпы білім беру ұйымдарында оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау кезінде оқушылар қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлер, қосымша күштер жұмылдырылды. Аталған іс-шараға облыс бойынша барлығы 346 қызметкер атсалысты», – дейді ІІМ.

Биыл 7 002 жас түлек мектеп бітіріп, соңғы қоңырау облыс бойынша барлығы 142 жалпы білім беру ұйымында өтті. Мектеп бітіруші түлектер серуендейтін теңіз жағалауына, қаланың көрнекі жерлеріне жаяу полиция жасақтары, ювеналдық, учаскелік, патрульдік инспектор қызметкерлері, көлік жасақтары қойылып, түнде көшелер, қоғамдық орындар, ойын-сауық орындарында жасақтардың қызметі нығайды. Өткізілген іс-шара кезінде облыс аумағында жасөспірімдер арасында қылмыстық оқиға тіркелген жоқ.

Жас түлектер автокөліктермен шерулер ұйымдастырып, жол-қозғалысы ережелерін бұзғаны жөнінде әлеуметтік желілерге әр түрлі сипаттағы бейнероликтер жариялады. Құқық бұзушылық жасаған көлік жүргізушілері анықталып, жол қозғалысы ережелерін бұзғандары үшін 89 адамға қатысты барлығы 119 әкімшілік іс құжаттары жинақталды. Оның ішінде 35 автокөлік арнайы айыптұраққа жабылды, – дейді ведомство.

Түлектермен орын алған құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі – көлік терезесінен бастарын шығарып, өз өмірлеріне қауіп төндіру. Бұл құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігімен барлығы 55 әкімшілік хаттама жасақталды. Сондай-ақ автокөліктерді пайдалану қағидаларын бұзған 17 жүргізуші анықталды. Олар ӘҚБтК-нің 590-бабының әртүрлі бөлігі бойынша жазаланды. Көлікті құжатсыз басқарған немесе мүлде жүргізуші куәлігі жоқ 16 жүргізушіге ӘҚБтК-нің 612-бабы бойынша хаттама толтырылса, бес жүргізушінің автокөлікті басқара отырып, сақтандыру полисіне тіркелмегені белгілі болды.

«Тәртіп сақшылары сан түрлі ескерту жасағанына қарамастан жас түлектер құқық бұзушылықтарды саналы түрде жасап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Осыған орай полицейлер тарапынан да барлық тиісті шара қабылданып, заң аясында барлық жүргізуші жазаланды», – делінген ақпаратта.

Маңғыстауда мектеп түлектері жантүршігерлік жол апатына ұшырады. Ақтауда тәртіп бұзған түлектер видеоға түсіп қалды. Тараздық түлек мінген Lexus каналға түсіп кеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама