×

Елден қашпақ болғанда ұсталған экс-министр Бекетаевқа қандай айып тағылған

Марат Бекетаев 2016-2022 жылдары Әділет министрі болды

 Айгерім Таубай 25.01.2024 | 12:24
Фото: Sputnik/Болат Шайхинов

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев қазір тергеу изоляторында отыр. Бұл туралы Бас прокуратура Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Сондай-ақ экс-министрге қатысты тергеп-тексеру жұмыстарын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатқанын нақтылады. Марат Бекетаев қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағында көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінген. Бұл бапта жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адамдың лауазымдық өкiлетін теріс пайдалануы ауыр салдарға алып келген жағдай көрсетілген. Заңға сәйкес, кінәсі дәлелденсе, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады, сондай-ақ 7 жылға дейінгі уақытқа бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру көзделген.

Ал тергеу сотының санкциясымен Марат Бекетаевқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, ол қазір тергеу изоляторында отыр.

Тергеу жалғасып жатыр. Бекетаевтың іс-әрекетіне тергеп-тексеру нәтижесі бойынша түпкілікті құқықтық баға беріледі.

Айта кетейік, экс-министр 2023 жылдың қазанында қамауға алынды. Содан кейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министр Марат Бекетаевтың елден қашпақ болғанда ұсталғанын айтты.

Мемлекетке ірі көлемде залал келтірді, өкілеттігін теріс пайдаланды деген деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шынымен де экс-министр Марат Бекетаев елден қашпақ болғанда ұсталды. Қылмыстық-процестік кодекс бойынша тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды, - деді Әсет Шындалиев Сенат кулуарында.

Марат Бекетаев 2016-2022 жылдары Әділет министрі болды. Қаңтар оқиғасынан кейін Әділет министрі лауазымынан босатылып, 2022 жылдың соңына дейін ҚР премьер-министрінің кеңесшісі лауазымын атқарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама