×

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев колонияға барды

Сотталған азаматтардың бірі спортшының суретін салып, сыйға тартты

 Дастан Жұмабекұлы 24.01.2024 | 11:19
Фото: polisia.kz

Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды колониясына барып, сотталғандармен кездесті.

Polisia.kz-тің хабаралуынша, атақты спортшы ІІМ ҚАЖК «№ 29 мекеме» РММ-де  қатаң режимде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен әңгімелесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.  Одан кейін боксшы «Еңбек – Қарағанды» РМК өнеркәсіптік аймағына, тамақтанатын орынға және жатақхана жасақтарының бірінде болып, сотталғандардың тұрмыс жағдайымен танысты.

Мен мұндай шалғай жерге бірінші рет келіп тұрмын. Бүгінгі жиынға бар назарын салып, зейін қойған азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді Серік Сәпиев.

Сәпиев өзінің балалық шағы туралы, спортқа қалай келгенін, кімді үлгі еткенін, студенттік шақта қалай оқығанын, алғашқы жеңісі туралы, алтын жүлдені жеңіп алған кездегі  сезімі жайлы айтып берді.

Сіздер өмірде қате жасаңыздар да  еліміздің толыққанды азаматы болуға тиіссіздер. Бәрін түзетіп, қайта бастауға болады. Адам өз күшіне ғана сеніп, үлкен жетістікке жете алады. Балаларыңызға лайықты әке болып, отбасының тірегі бола аласыздар. Артқа қарамаңыздар, тек алға жүріңіздер. Жақсылықтан үміт үзбеңіздер! Әр адамның болашағы өз қолында, – деді Сәпиев.

Кездесудің соңында облыстық ҚАЖД бастығының орынбасары Игорь Бендерский мен мекеме бастығының міндетін атқарушы Бекболат Бурлинов Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шеберіне жазасын өтеп жатқан азаматтарға бөлген уақыты үшін алғысын айтты.

Одан кейін сотталған азаматтардың бірі Серік Сәпиевтің суретін салып, сыйға тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама