×

Приозерск қаласы полициясының бір топ қызметкері жауапқа тартылды

Тәртіп сақшыларының басшысы кәсіпкерге қоқан-лоққы көрсеткен

 Дастан Жұмабекұлы 19.01.2024 | 16:28
Фото: gov.kz/ Қарағанды облысының прокуратурасы

Қарағанды облысындағы Приозерск қаласының бір топ полиция қызметкері жауапқа тартылды.

Қала прокуроры анықтағандай, полиция бөлімінің бастығы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мейрамхана әкімшісіне бақылаушы-қадағалаушы органдардың тексеретінін айтып, жұмыс істеуге тыйым салынатынын ескерткен. Ол кәсіпкермен телефон арқылы сөлесіп, біраз қорқытқан. Осының бәрі видеоға жазылып алынған.

Тексеру кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының кәсіпкерлік қызметпен айналысу еркіндігіне кепілдік берілетіні туралы 26-бабының талаптарын бұзу фактісі анықталды.

Бұл оқиғаға байланысты Қарағанды облысының прокуратурасы қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде тәртіптік комиссия Приозерск қаласы полиция бөлімінің бастығын қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Қазір тиісті материалдар ІІМ-ге жолданды. Инвесторлар мен кәсіпкерлерде проблема болса, прокуратура органдарына +77051291140 нөмірі арқылы хабарласа алады, – делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Сонымен қатар, полиция бөлімінің 5 лауазым иесі қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама