×

Қостанайда такси жүргізушісі полиция көлігімен әдейі соқтығысқан (ВИДЕО)

Күдікті оқиға орнынан жасырынуға тырысқан

 Динара Амантай 11.01.2024 | 09:21
Фото: видеодан скриншот

Қостанайда такси жүргізушісі қылмыскерлерден құтылу үшін полиция көлігімен әдейі соқтығысқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні Рудный қаласының екі тұрғыны облыс орталығына таксимен жетпек болған. Жолаушылардың бірі қалаға кіреберісте такси жүргізушісінің мойнына пышақ тақап, ақша сұрап, өзін басқа елді мекенге жеткізуін талап еткен.

Такси жүргізушісі полицейлердің қызметтік көлігін көріп, назар аударту үшін олармен әдейі соқтығысқан. Осы сәтті пайдаланып, ол қауіпсіз қашықтыққа қашып кеткен. Бұл ретте күдікті оқиға орнынан жасырынуға тырысқан. Бірақ оны патрульдік полицейлер тез арада ұстады.

«Тонауға оқталу» қылмыстық іс фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады, – делінген хабарламада.

Ведомство қақтығыс салдарынан ешкім зардап шекпегенін атап өтті. Қызметтік автокөлікке елеусіз материалдық залал келтірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама