×

Қызылорда облысында тұрғыннан аса ірі көлемде ақша бопсалағандар ұсталды

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды

 Динара Амантай 09.01.2024 | 14:16
Фото: polisia.kz

Полицейлер Қызылорда облысының тұрғынын әлеуметтік желілерде жеке сипаттағы мәліметтерді жариялаймын деп қорқытқан бопсалаушылар тобын ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Күдіктілер деректерді жария етпеу үшін жәбірленушіден 7 млн теңге талап еткен. Осы факті бойынша Қызылорда облысы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде тәуліктік кезекшілік кезінде күдікті ретінде 34, 32, 22 жастағы облыс тұрғындары ұсталды.

Айғақты зат ретінде олардан ақша, сигналдық тапанша және жалған қызметтік куәлік алынды. Қазір жәбірленушінің намысына тиетін ақпаратты таратамын деп қорқытып, алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам жасаған бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – делінген хабарламада.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама