×

Астанада проблемаға айналған 10 үйдің құрылысы аяқталады

500-ге жуық үлескер отбасы баспаналы болады, – деді әкім

 Дастан Жұмабекұлы 09.01.2024 | 11:51
Фото: gov.kz/Астана қаласының әкімдігі

Биыл Астанада сақалды құрылысқа айналған бірнеше тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі. Дәлірек айтсақ, күзге дейін 10 үйдің құрылысы аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Ол кеше кешкісін «Араби 2 - Гранитный 2», «Арыстан, 4-блок», Future home секілді ұзаққа созылған тұрғын үйдердің құрылыс барысымен танысып, компанияның өкілдеріне үйлерді тұрғындарға биылдан қалдырмай пайдалануға беруді тапсырды.

Бұл тұрғын үй кешендері құрылысының басталғанына 12 жылға жуық уақыт болды. Мысалы, «Араби 2 - Гранитный 2» тұрғын үй кешені 2013 жылы проблемалы деп танылған. Мұнда 200-ге жуық отбасы баспанасын күтіп жүр. Future home тұрғын үй кешенінің құрылысы да 2013 жылы басталған. Нысанды ЕҚК-ге беру кезінде 4 және 7 қабаттар ғана салынған.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осыған дейін мемлекет қолдауының арқасында 16 мыңнан астам үлескер отбасының 15,5 мыңға жуығы баспаналы болды. Ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Мысалы, 2023 жылы құрылысы ұзаққа созылған 32 тұрғын үй кешені болатын. Былтыр ұзаққа созылған 22 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Биыл құрылысы бітпеген 10 үй қалды. Олардың құрылысы осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқталады. Осылайша, қалған 500-ге жуық үлескер отбасы баспаналы болады, – деді қала әкімі.

Оның айтуынша, сақалды құрылыс мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Сондықтан 10 жылдан астам уақыт құрылысы жүрмей жатқан үйлерді пайдалануға беру басты назарда болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама