×

Ата-аналарға мектептен қағаз түріндегі анықтама алудың қажеті жоқ

Құжатты eGov mobile қосымшасынан алуға болады

 Дәурен Ерболат 03.01.2024 | 15:27
Фото: mtrk.kz

Енді Қазақстанда ата-аналарға мектептен қағаз түрінде анықтама алудың қажеті жоқ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі цифрландыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, eGov mobile мобильді қосымшасында «Білім туралы ақпарат» атты жаңа цифрлық құжат іске қосылған.

Оны eGov қосымшасы орнатылған смартфон арқылы пайдалануға болады. Барлық ақпарат eGov mobile қосымшасы – Цифрлық құжаттар – Отбасы бөлімінде қолжетімді. Бұл құжат (баланың немесе студенттің) балабақшада, мектепте немесе колледжде оқитынын растайды. Білім туралы ақпаратта баланың тегі, аты, әкесінің аты, жеке идентификациялық нөмірі (ЖСН/ИИН), туған күні, білім беру ұйымының атауы мен мекенжайы, жас тобы, балабақшадағы тобының атауы немесе мектептегі сыныбы, колледж үшін топ коды көрсетіледі.

Енді ата-аналарға оқу орнынан қағаз түріндегі анықтама алудың қажеті жоқ. Олар жеке куәлік секілді, eGov mobile қосымшасынан білім туралы ақпаратты ұсынса жеткілікті. 2023 жылғы 27 желтоқсаннан бастап оқу орнынан қағаз түріндегі анықтамаларды талап ету және алу тоқталылады», - деді Майра Маралбаева.

Сондай-ақ диплом да цифрлық форматта беріледі.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Талдау» орталығы және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдарды цифрлық форматта беру бойынша жұмыс атқарған. Олар да мобильді қосымшада қолжетімді екенін назарларыңызға саламыз, - деді директордың орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама