×

Павлодар облысында 13 жыл баспана кезегінде тұрғандарға пәтер берілді

Басымдық әлеуметтік осал топтарға берілген

 Дәурен Ерболат 28.12.2023 | 14:45
Фото: Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Павлодар облысының Шарбақты ауданында Жаңа жыл қарсаңында 13 жыл баспана кезегінде тұрған отбасыларға пәтер берілді, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Аудан әкімі Сержан Иманқұлов оларды құттықтап, баспана кілттерін табыстады.

Жаңа жыл қарсаңында Шарбақтыда 2010 жылдан бері баспана кезегінде тұрған 12 отбасыға пәтер кілті берілді.

Биыл аудан әкімдігі екі қабатты тұрғын үйді сатып алған. Онда 18 пәтер бар. Оның 12-сі баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға, яғни мүгедек балаларды асырап отырған және толық емес отбасыларға берілді.

Сондай-ақ 6 пәтер облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша ауданға келіп, жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне беріледі.

Айта кетейік, Жаңа жыл қарсаңында Екібастұзда 70-тен аса отбасы баспаналы болды. 40 пәтер жетім балалар, көпбалалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және мүгедектігі бар адамдарға кезек бойынша берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама