×

«Екі бала анасынан айырылды»: Еңбек министрі Алматыдағы көлік апатына қатысты пікір білдірді

Көлік апаты салдарынан 3 адам мерт болып, 4 адам жарақат алған

 Дәурен Ерболат 26.12.2023 | 12:39
фото: NUR.KZ/Юлия Абрамова

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматыда болған жантүршігерлік көлік апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қайғылы оқиға 22 желтоқсанда болған. №47 автобусының жүргізушісіне ер адам қол көтерген. Салдарынан автобус тізгініндегі әйел есінен танып, аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кеткен.

Жол апаты салдарынан 3 адам мерт болып, 4 адам жарақат алған.

Сонымен қатар автобус жүргізушісін ұрған күдікті қамауға алынды.

Светлана Жақыпова апаттан аялдама тұрған әйелдің көз жұмғанын, оның балалары жетім қалғанын жеткізді. 

Екі бала анасыз қалды. Автобус жүргізушісінің жақ-беті жарақаттанды, - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.

Сондай-ақ министр жүргізуші әйелдердің еңбек жағдайына тоқталды.

«Біріншіден, жұмыс беруші жүргізуші мен жолаушыны бөлек орналастыруға тиіс. Екіншіден, бүгінде әйелдер үшін көптеген мамандық қолжетімді. Көлік саласында кәсіби тәуекел өте жоғары.

Қазақстанда кезінде әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынған мамандықтар тізімі болған. Кейін біз бұл мәселені қарастырғанда тізім күшін жоғалтты. Алайда бүгінде барлық мамандық қолжетімді. Сондықтан жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек», - деді Светлана Жақыпова.

Ведомство басшысы жүргізуші әйел төлем ала алатынын жеткізді.

Төлем бойынша тоқталайын. Егер оны жұмыс беруші жазатайым оқиғадан толық сақтандырса, онда сақтандыру компаниялары бұл төлемдерді беруі керек, - деді министр.

Светлана Жақыпова Қазақстанда әйелдер үшін тыйым салынған мамандық тізімін күшіне енгізу мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын жеткізді.

Бүгінде бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Біз шешімдердің жүйелі болғанын қалаймыз. Сондықтан осы бағытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама