×

Түркістан облысындағы Майбұлақ ауылының тұрғындары жаппай жамбы атумен айналысады

Жамбы ату спортынан Бексауыт Батыр жыл үздігі атанды

 Айнұр Шошаева 22.12.2023 | 10:54
фото: Halyq Uni

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Биыл он номинация бойынша 11 спортшы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері атанды. Сонымен қатар салтанатты марапаттау кеші барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушылар да марапатталды.

Жамбы ату спортынан Түркістан облысының спортшысы Бексауыт Батыр 2023 жылдың үздігі деп танылып, «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды. 

Бүгінгі қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлттық спортты дәріптеп, құрмет көрсетіп жатқанда қайтіп қуанбайсың? Өзім Түркістан облысынан келдім. Жамбы атудан 2018 жылдан бері айналысып келемін.

Жылды жақсы нәтижемен қорытындылап жатырмын. Мажарстанда өткен Әлем клубына барып, екінші орын иелендім. Моңғолияда өткен әлем чемпионатынан бірінші орын алдым, - деді спортшы.

Сондай-ақ Бексауыт Батыр келесі жылы Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатқанын айтты.

«Ендігі күшті келесі жылы елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындығына саламын деп отырмын. Тек мен емес, еліміздегі барлық спортшының жоспары осындай деп ойлаймын. Қолдан келгенше барымызды салып, көк байрағымызды желбіретуге тырысамыз. Жамбы ату спорт ретінде жақсы дамып жатқанын айтуымыз керек. Бұрынғы жылдарға қарағанда қарқын ала бастады. Басқа өңірлерді айтпағанда, Түркістан облысындағы біздің ауыл түгел жамбы атумен айналысады. Төле би ауданына қарасты Майбұлақ ауылында жамбы атпайпайтын адам некен-саяқ. Сол ауылдан Айтбек Сарыбай, Ералхан Айбоз деген әлем чемпиондары шықты», - деді Бексауыт Батыр.

Айта кетелік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.

Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап кәсіпкер және меценат Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.

«Алтын тұғыр» салтанатты іс-шарасы «Amanat» партиясы, Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама