×

Боран, қар: Астананың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Қала көшелерін қардан тазартуға 2 300-ден астам жол жұмысшысы шықты

 Динара Амантай 21.12.2023 | 10:25
Фото: Астана қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2 300-ден астам жол жұмысшысы мен 1 600-ге жуық арнайы техника шыққан.

Бірінші кезекте орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған. Мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.

Елордада алғаш қар жауғаннан бері полигондарға шамамен 250 мың текше метр қар шығарылды, бұл – 17 мыңнан астам рейс.

Синоптиктердің мәліметінше, 21 желтоқсанда Астанада қарлы боран болады. Жел оңтүстік-батыстан соғады, екпіні – секундына 15-20 метр. Елорда тұрғындары мен қонақтары жолдарда абай болуы, қауіпсіздік ережелерін сақтауы қажет, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама