×

Әлихан Смайылов үш әкімнің орынбасарына қатаң сөгіс жариялауды ұсынды

Премьер-министр өңірлерді стихиялық қоқыстан тазарту жұмысына бей-жай қарап отырған шенеуніктерді сынады

 Дәурен Ерболат 19.12.2023 | 16:00
көрнекі фото: Halyq Uni

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов стихиялық қоқыс үйінділерімен күресе алмаған 3 облыс әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министрдің пікірінше, стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу инфрақұрылымын дамыту – еліміздегі аса өткір мәселенің бірі.

«Биыл қыркүйекте бұл мәселені Үкімет отырысында қарағанбыз. Бірқатар тапсырма берілді. Оның ішінде стихиялық қоқыстар санын 2 есе қысқарту мәселесін көтердік. Жалпы өңірлерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алайда Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже тіркеліп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ премьер-министр аудандар мен қалалардың 75%-ы коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламасын әзірлеуге әлі кіріспегенін атап өтті.

Мерзімі әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында және Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар әзірленбеген. Сондықтан, аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын. Енді бұл процесті әкімдердің өздері жеке бақылауда ұстауға тиіс, - деді үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов Экология министрлігі сатып алу рәсімдеріне байланысты мерзімді 2024 жылдың ортасына дейін ұзартуды сұрап отырғанын жеткізді.

«Егер жұмыстар 1 сәуірге дейін аяқталмаса, тиісті тәртіптік шаралар қабылданады. Жалпы стихиялық қоқыстарды болдырмау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты қайта қарау қажет.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер бірінші кезекте қалдықтарды қайта өңдейтін инфрақұрылымды ретке келтіріп алады. Бұл жерде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің механизмін белсенді түрде қолдану керек.

Қалдықтарды сұрыптау және оларды кәдеге жаратудың нақты жүйесін құрған жөн. Мұның барлығын халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейте отырып, жүргізу қажет.

Сондай-ақ қабылданған экологиялық білім беру мен тәрбиелеу жөніндегі 2029 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет», - деді премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама