×

СҚО-ның шұрайлы жерлері қоқыс полигонына айналып барады

Өңірде 454 қоқыс алаңының 16-да ғана рұқсат құжаты бар

 Самат Жақып 23.05.2022 | 17:34
фото: Halyq Uni

Солтүстік қазақстан облысында уақыт өткен сайын заңсыз қоқыс полигондары көбейіп барады. Жергілікті экологтар осылай деп дабыл қағып отыр. Қазіргі таңда өңірде олардың саны 450-ден асқан, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Петропавлда қатты қалдықтар полигоны 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аумағы 28 гектарды алып жатқан полигон бүгінде 85% толған. Жыл сайын қайталанатын бір проблема: санитарлық және экологиялық талаптар сақталмайды. Яғни, полигоннан жиі өрт шығады. Салдарынан жағымсыз иіс ауаға таралып, қала халқы мен осы маңда орналасқан Шаховское ауылы тұрғындарынан шағым көп түседі.

«Жел болса түтін көбіне біздің ауылға қарай тарайды. Аумақтың барлығын жағымсыз иіс жайлайды. Тіпті, кейде жағымсыз иіс үйдің ішіне дейін жетеді. Полигонда қаңғыбас иттер де көп. Жанынан өтіп бара жатсаң, үріп шығады. Кейде адам қабады ма деп қорқасың», - дейді Шаховское ауылының тұрғыны Ғалия Таубаева.

Экологиялық кодекс бойынша мұнда пластик, полиэтилен, шыны, макулатура қабылдауға тыйым салынған. Алайда ол орындалып жатқан жоқ. Қоқыс та сұрыпталмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпорын арнайы қалдық іріктейтін желіні іске қосқан еді. Қазір ол жарамсыз күйде тұр.  Салдарынан қатты жел тұрса, қоқыс атаулының бәрі далаға шашылады. Олқылығы көп кәсіпорынға осыған дейін талай мәрте айыппұл салынған. Бірақ, ол мұндағыларға сабақ болмай отыр. Жақында экологтар тағы да тексеріс ашты. Енді мамандар кемшіліктердің орнын толтырмаған кәсіпорнның жұмысын уақытша тоқтатуды көзделіп отыр.

«Негізгі заңбұзушылықтардың бірі – осы тұрмыстық қалдықтарға сұрыптамау уы. Келесісі – өртену фактісі. Және полигон аумағының тұрмыстық қалдықтарға толуы. Осы үш заңбұзушылықтарды анықтаймыз. Бұл бойынша биыл «Қызылжар - Тазалық» ЖШС-ға жалпы сомасы 250 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Және кемшіліктерді жоюға қатысты нұсқама берілді. Оның мерзімі 30 мамырға дейін. Және өз тарапымыздан сот өкілдеріне шағымданып, полигон жұмысын тоқтата тұру туралы хабарлаймыз. Өйткені, келешекте мұндай заңбұзушылықтарды болдырмау керек», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.

15 ЖЫЛ ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕП КЕЛГЕН ПОЛИГОНЫ АНЫҚТАЛДЫ

Заңсыз полигондардың бірі осыдан 15 жыл бұрын Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылы маңында пайда болған. Атқарушы билік өкілдері кезінде 8 гектардай жер учаскесін бөліп, құжаттарын сол күйі ресімдемеген. Былтыр сот оны жабу туралы шешім шығарған. Алайда, жергілікті әкімдік оны орындауға асығар емес. Ал жаңа полигон салуға кем дегенде 500 миллионнан 1 миллиард теңгеге дейін қаражат керек.

«Бескөл ауылдық округінінен жылына 3400-ден артық тонна қалдық жиналады. Халықтың саны -15 мыңнан асады. Шамамыз келгенше жұмыс істеп жатырмыз. ҚР экологиялық кодексіне сәйкес, жаңа полигон салуға бізде жер жоқ. Өйткені солтүстік бөлікте 20-25 аумақта Петропавл қаласы орналасқан. Батыс бағытында Есіл бассейні. Яғни, су арналары. Оңтүстік және шығыс бағытта Чапаево - Тайынша және Есіл ауданына қарай «Смирнов» мемлекеттік қорығы орналасқан. Мұнымен қоса әуежайға да жақын орналасқанбыз. Сондықтан қоқыс полигонын салуға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Менің ойымша заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Немесе бұл мәселені жоғары деңгейде шешу қажет. Бұл біздің құзырымызда емес. Бірінші шілдеге дейін бұл полигоннан қоқыстарды шығаруымыз керек.  Бұл бағытта біз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірақ, түбегейлі шешімін табады деп айта алмаймын. Өйткені бұл сұрақ Үкімет деңгейінде қаралуға тиіс деп ойлаймын. Қазір бұл жерде шамамен 198 мың текше метр қоқыс жатыр. Ал оны тазалау үшін 200 миллион теңгедей ақша керек. Ал онда қаржы жергілікті әкімдікте жоқ», - дейді Бескөл ауылдық округінің әкімі Қанат Дәрібаев.

Бүгінде 10 шақты ауылдың халқы қалдықты осы жерге әкеліп төгеді. Мұнда қоқыс полигоны деген ешқандай белгі де қойылмаған. Аумағы да қоршалмаған.

Жалпы қазір өңірде 454 қоқыс полигоны анықталған. Ал оның тек 16-ның рұқсат қағазы бар, қалғаны заңдастырылмаған. Жалпы 2021 елімізде қоқыс полигондарында 43 тексеріс жүргізілген екен. Оның нәтижесінде 8,9 миллион теңгеге 73 әкімшілік айыппұл салыныпты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама