×

Ақмола облысында он күн бұрын жоғалған 103 жылқы табылды

Мал иелері шығынды 30 млн теңгеге бағалады

 Динара Амантай 15.12.2023 | 16:18
Фото: polisia.kz

Ақмолалық полицейлер құны 30 млн теңге болатын жоғалған 103 жылқыны иелеріне қайтарып берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

12 желтоқсанда полиция бөліміне Сандықтау ауданы, Жыланды ауылының бірнеше тұрғынына тиесілі жылқы үйірінің жоғалғаны туралы арыз түсті. Мал иелерінің айтуынша, жайылымда жүрген 103 жылқы 5 желтоқсанда жоғалып кеткен. Алайда бір апта ішінде ауыл тұрғындары өз күштерімен іздеп, содан кейін ғана полициядан көмек сұраған. Ақмолалықтар шығынды 30 млн теңгеге бағалады.

Жәбірленушілердің өтініші тіркелді. Ал аса ірі залалды ескере отырып, ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жоғалған жылқыларды іздеу үшін полицейлер жедел шаралар қабылдады. Криминалдық полиция қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің арасынан арнайы топтар құрылды, – делінген хабарламада.

Іздеу іс-шараларына ТЖ қызметкерлері мен иелерінің өздері қатысып, түрлі автомобиль техникасы пайдаланылды. Сондай-ақ полиция департаментінің дронымен де іздеу жүргізілді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, топтар тәулік бойы тек Сандықтау ауданының аумағында ғана емес, облыстың көрші аудандарында да іздеу іс-шараларын іске асырды. Сондай-ақ полицейлер жедел іс-шаралар кешенін өткізді: мал басы мен ет өнімдерін сатумен айналысатын адамдарды тексеріп, ет базарлары, ет комбинаттары және басқа да сауда орындары назардан тыс қалмады.

Автожолдарда қосымша блокбекеттер қойылып, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мал мен ет өнімдерін тасымалдаумен айналысатын автокөліктерге тексеру жүргізді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 14 желтоқсанда жоғалған жылқылардың барлығы жоғалған жерден 30 шақырым қашықтықтан табылып, иелеріне қайтарылды. Белгілі болғандай, ұрлық фактісі расталмады. Осыған байланысты қылмыстық істі тергеу тоқтатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама