×

Төтенше жағдай жарияланды: Жамбыл облысында 5 мың адам құтқарылды

Адам шығыны жоқ

 Дәурен Ерболат 15.12.2023 | 09:48
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысында жолда қалған 5 мың адам құтқарылды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

15 желтоқсанда таңғы сағат 06:00-дегі жағдай бойынша 2 413 адам құтқарылған. Оның ішінде 90 бала бар. 600-ге жуық адам үйлеріне қайтарылды. 1 813 адам 6 ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді. 3 адам Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Олардың жағдайы тұрақты, дәрігердің бақылауында. Жалпы 2 күнде 5 мың адам құтқарылды, - деп жазылған хабарламада.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жамбыл облысының ТЖД жанынан жедел желі ұйымдастырылды.

Қазір Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ашылды. Жолдағы блок-бекеттерге полиция наряды қойылды.

Электр желілерін қалыпқа келтіру үшін «Жамбыл электр желілері» компаниясы 23 апаттық-құтқару тобын, 27 арнайы техникасын жұмылдырды. Газ құбырларының апаты тіркелмеді, газ штатты режимде беріліп жатыр.

Төтенше жағдайға байланысты «Шу-Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап қалған.

Шу аудандық көлік прокуратурасының мәліметінше, бүгінде жолаушылар пойыздары жүре бастаған. Облыстағы қалған елді мекендерде жағдай тұрақты.

Бұған дейін Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама