×

Қазақстан қызылша жұқтырудан Африка елдерінің алдына шықты – сенатор

Елімізде қызылша ауруын жұқтырған 21 мыңнан аса адам тіркелген

 Дәурен Ерболат 14.12.2023 | 13:37
Бибігүл Жексенбай, фото: parlam.kz

Қазақстанда қызылша жұқтыру бойынша Африка елдерінің алдына шықты. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауалымызға қоғамды мазалап отырған балалар мен жасөспірімдер арасындағы аса жұқпалы дерт – қызылшаның шектен тыс таралуы негіз болды. АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы қызылшаның жаһандық індетіне қатысты мәліметті жариялады. Онда Қазақстан ауру жұқтырғандар саны бойынша алғашқы үштікке енді, - деді сенатор.

Қазір елімізде қызылша жұқтырғандар саны 21 мыңнан асқан. Осылайша, Қазақстан ауру жұқтыру көрсеткіші бойынша Африка елдерінің алдына шыққан.

Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл жұқпалы ауруды Эпиофияда 11 мың адам, Пәкістанда 8 мың адам, Конгода 6 мың адам жұқтырған. Тіпті, бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан Африка елдерінің алдына шықты.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда вакцинация проблемасы бір сәтте пайда болмаған. Жұқпалы дерттің басты себебінің бірі екпе бағытындағы жұмыстың әлі жүйелі, жоспарлы, нәтижесі сараланып жасалмай келе жатқанында болып отыр, - деді Бибігүл Жексенбай.

Депутат бірқатар өңірде қызылшаға қарсы екпе салу қызметінің сапасы төмен екенін атап өтті.

«Ауылдарда медициналық персонал мен құрал-жабдықтардың жетіспеуі де балаларды уақытылы вакцинациялауды қиындатып отыр. Сондай-ақ діни нанымдарға байланысты екпеден бас тартқандармен жұмыс пәрменді жүргізілмейді. Екпе жасалуы туралы мәлімет көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән бар. «Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты» деп мақтанғанымызбен, вакцинация туралы мәліметтер әлі қағазда жазылуы түсініксіз», - деді ол.

Сенатордің пікірінше, Үкімет бұл мәселеге жылдар бойы немқұрайлы қараған. Осыған байланысты депутат проблеманы шешуге қатысты бірқатар ұсынысын айтты.

«Біріншіден, жағдайды жақсарту үшін қоғамда вакцинацияның маңызы мен қауіпсіздігі туралы ақпарат жұмысын күшейту қажет. Екіншіден, еліміздің барлық аймағында жоғары сапалы вакциналар мен денсаулық сақтау қызметтерін кедергісіз алуды қамтамасыз етіп, арнайы мобильді медициналық топтарды ұйымдастыру керек. Үшіншіден, вакцина сапасы мен оның мерзімі өткенін жоюды қадағалауды барынша күшейту маңызды», - деді Бибігүл Жексенбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама