×

Ізгілік жолы: Жанайдар ұстаз жайлы бір үзік сыр

Жанайдар Қалтайұлы ерекше мұқтаждығы бар балаларға білім мен тәрбиесін беріп келеді

 Халық үні 28.11.2023 | 15:39
фото: Жанайдар Нұрмұхановтың жеке архивінен

«Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі», - депті барша қазаққа аяулы ақын Мағжан Жұмабаев.

Егер ұстаздың өнегесі мен тәлімі тұғырлы болса, ол ел тұтқасын ұстайтын мықты азамат тәрбиелеп шығарады. Жақсы ұстаздың шәкірті өмір орманында адаспайды, жолын тауып, бағытын айқындай алатын тұлға ретінде қалыптасады. Демек, бүтін бір ұлттың болашағын тәрбиелейтін ұстаздарға құрмет көрсету – адамзаттың парызы.

Ал ұстаз ешқандай қиындыққа қарамастан ерекше қажеттілігі бар, жарымжан балаларды оқытып, өмір сүруге құлшындырып, тағдырдың тезіне қасқайып тұратын мінез бен ерік-жігер қалыптастыруға үлес қосып жүрсе ше?! Ондай ұстазға, Мағжан Жұмабаев айтпақшы, төрімізді беріп, басымызды иіп, алғысымызды жаудырып, қолдан келген құрметті көрсетуге тиіспіз.

Осындай құрметке лайық ұстаздың бірі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында тұрады. Ол – Жанайдар Қалтайұлы Нұрмұханов.

Жанайдар Қалтайұлы – ерекше мұқтаждығы бар балақайларға бейнелеу, сызу, еңбек пәндерінен сабақ береді. Өзі – Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған кәсіби суретші.

Оның қылқаламынан шыққан портреттер - тіл байлайтындай шынайы, пейзаждар - көздің жауын алатындай әдемі. Жанайдар Қалтайұлы – қылқаламның ғана шебері емес, ағаштың тілін тапқан керемет ұста. Қарайғай, емен, қарағаш, қайыңды жонып, иіп, өрнектеп, оюлап – небір түрлі бұйымдар жасайды. Шебер ағашты өзі таңдайды, майлайды, кептіреді, содан кейін ол ағаш тұрмыстық бұйымға айналады. Әсіресе, Жанайдар Қалтайұлы жасаған астаулардағы қайталанбайтын ұлттық оюлар мен нәзік өрнектер өте сәнді. Жанайдар ағамыздың аса талғаммен жасалған ұлттық нақыштағы экологиялық таза бұйымдары әр шаңырақтың дастарханына жарасатыны сөзсіз.

Сондай-ақ шебер ыдыс-аяқтан бөлек, ағаштан картина, түрлі қобдишалар ойып жасайды. Оның коллекциясында, әсіресе, қанаттылардың бейнесі көп. Құс патшасы бүркітті, асқақ әрі талғампаз тырнаны,  сылқым қоқиқазды айнытпай ағаштан ою, оларға мінез беру, символикалық мәнін дәл әрі терең көрсету алу – хас шебердің қолынан ғана келетін өнер. Жанайдар Қалтайұлының ағаштан ойылған осындай картиналарынан қыран бүркіттің болмысындағы еркін, қайсар рухты, ірілікті сезінесіз. Ал - тырналары аса нәзік, аса сұлу, аса кірпияз. Құдды бір көл бетінде бұрала билеп жүрген талдырмаш бишіні көз алдыңызға әкеледі. Міне, біздің кейіпкер - осындай өнерлі жан. Оның  коллекциясы талай көрменің көркін ашып, мазмұнын байытты, республикалық, облыстық көрмелерден жүлдесіз қайтқан емес. Шеберді Алматы, Астана сияқты мегаполистерге жақсы қызметтерге де шақырды. Әрине, қалада тұрса, өзімен пікірлес ортада жүрсе, өмірінің мазмұны басқаша бағыт алар ма еді, кім білсін?! Бірақ ол қызметке де, қызылды-жасылды қызығы көп қалаға да қызықпады. Оқуын аяқтаған соң да нағыз өнер мен мәдениеттің ошағы Алматыда тұрақтап қалса болар еді. Ол қолына дипломын алды да, туған жеріне тартты. Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты Береке дейтін кішігірім ауылдағы мектепке бейнелеу пәнінің мұғалімі болып орналасты. Жұмысын жан-тәнімен беріліп істегені сонша, бірер уақытта-ақ директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне көтерілді. Бұл – оның кіндік қаны тамған ауылына адалдығының дәлелі, шын мұғалімге, шын маманға зәру ауылдағы ағайынға жанашырлығы еді.

1997 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы арнайы мектепке ауысып, ондағы ерекше қажеттілігі бар балаларға еңбек, бейнелеу өнері, сызу пәндерінен сабақ бере бастады. Сөйтіп, ұстаздық жолға 38 жыл ғұмырын арнады, педагог-зерттеуші деңгейіне жетті. Жанайдар Қалтайұлының шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан үнемі жүлделі оралады. Ұстаз шәкірттерін ұсталық өнерге қызықтырып, ағаштан түйін түюге баулыды. Үлкенді де, кішіні де жіпсіз байлап, телефон экранына телмірткен «смартфон-заманда» баланы ата-баба кәсібіне ынтықтыра алу нағыз кәсіби, нағыз жанашыр ұстаздың қолынан ғана келеді. Жанайдар Қалтайұлы оқушыларға ертеңгі күні нан таба алатын кәсіп үйретіп жатыр. Бұл - бағасыз білім. Осы тұста Александр Македонский айтыпты деген бір тәмсіл ойға оралады. Адамзат тарихындағы ұлы қолбасшы: «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкем өмір берсе, Аристотель сол өмірді жақсы өткізу туралы білім берді», - деген екен. Жанайдар Қалтайұлы да ерекше мұқтаждығы бар балақайларға сан бояулы үлкен өмірде азық болатын білім, сан тараулы, сан соқпақты жолда бағыт-бағдар болатын тәрбие беріп келеді. Ол балаларды әкелік мейіріммен жақсы көреді, әрбірін тұлға ретінде құрметтейді. Міне, «өзінің уақытын аямайтын, өзгенің бақыты аялайтын» нағыз педагогтың бейнесі.

Жанайдар Қалтайұлының салған картиналарына, жасаған бұйымдарына қарап, мұғалім болмаса, «бейнелеу өнерінің атақты өкілі болар еді» деген ой келеді. Бірақ ол өнерін ізгілік жолына қиып жіберген жанкешті жан және ол құрбандығы ақталған бақытты жан!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама