Жаңаөзенде заңсыз ойын бизнесімен айналысатын қылмыстық топ ұсталды

Динара Амантай

Заңсыз әрекеттен түскен қылмыстық кіріс көлемі 77 млн теңгеден асты

Фото: видеодан скриншот

Жаңаөзенде заңсыз ойын бизнесімен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топтың мүшелері ойынхананың тұрақты жұмыс істеуі үшін ойын ойнауға арналған компьютерлер балансын жүйелі түрде толықтырып, нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заңсыз пайданы жинап, басқа да ұйымдастыру-басқару қызметтерін атқарған.

Тінту кезінде ойын ойнауға арналған құрылғылар: жүйелік блоктар, мониторлар, чек принтерлері мен сканерлері, теледидарлар, телефондар және қолма-қол ақша алынды, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Заңсыз әрекеттен түскен қылмыстық кіріс көлемі 77 млн теңгеден асты. Тергеу жалғасып жатыр.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.