×

Биыл Қазақстанда өндірілген энергияның 5,97 пайызын жаңартылған энергия көздері құрады

«Qazaq Green» қауымдастығының құрылғанына 5 жыл болды

 Айнұр Шошаева 07.12.2023 | 18:26
Фото: Halyq Uni

Биыл Қазақстандағы жаңартылған энергия көздерін дамытумен айналысатын «Qazaq Green» қауымдастығының құрылғанына 5 жыл болды. Соған орай «Қазақстан Республикасында ЖЭК секторын дамытудың жетістіктері мен сын-тегеуріндері» атты дөңгелек үстел өтті. Саланың даму перспективалары мен өзекті мәселелерін талқылауға арналған жиынға Парламент депутаттары, энергетика министрлігінің, экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ ЖЭК секторының іскерлік қоғамдастығы қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жаңартылатын энергия секторы – еліміздегі ең жас секторлардың бірі. Алайда дамудың қысқа мерзімінде сектор жақсы нәтиже көрсетті. Қазір секторда мыңдаған маман жұмыс істейді: энергетиктер, инженерлер, құрылысшылар, экономистер, мемлекеттік қызметкерлер, инвесторлар, ғалымдар, талдаушылар.

UNCTAD World Investment Report 2023 есебіне сәйкес, 2015-2022 жылдары Қазақстанда ЖЭК-ке тікелей шетелдік инвестициялар жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың 31%-ын құрады. Ал еліміз Бразилия, Чили, Үндістан, Мысыр және басқа да елдермен бірге жаңартылатын энергия көздері секторына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша ТОП-10 дамушы ел қатарына кірді.

2018 жылы еліміз тарихи таңдау жасады – жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын іске асыру процесі тіркелген тарифтер жүйесінен аукциондық сауда-саттыққа өзгертілді. Осы қадамның арқасында әлемнің 13 елінен 230-дан астам компанияны аукционға тартқан ЖЭК нарығы пайда болды, жаңартылатын энергетика жобаларына шетелдік және отандық инвестициялар ағылды. Ел 2023 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша ЖЭК есебінен электр энергиясының 6%-ға жуығын өндіреді. Қазір біздің аукциондарымыз елімізде және шетелде, оның ішінде халықаралық ұйымдармен жеңімпаздарды іріктеудің әділ және ашық тетігі ретінде танылды. Мұнда жобаның бағасы мен белгіленген қуаты басты рөл атқарады.

Мысалы, биыл Абай облысында қуаты 10,001 МВт ЖЭС салу үшін жел энергетикасы бойынша 10,38тг/кВт*сағ рекордтық төмен бағаның куәсі болдық. Бұл – үлкен жетістік!, – деп атап өтті «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.

Қазір республикада белгіленген қуаты 2 715,8 МВт болатын 141 ЖЭК объектісі (100 кВт-тан жоғары және істен шыққан объектілерді шегеруді ескере отырып) жұмыс істейді. Олар:

  • қуаты 1 246,6 МВт 55 жел электр станциясы объектісі;
  • қуаты 1 197,83 МВт 44 күн электр станциясы объектісі;
  • қуаты 269,605 МВт 39 гидроэлектростанция объектісі;
  • қуаты 1,77 МВт 3 биогаз электр станциясы объектісі.

2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 4,91 млрд. кВтсағ (ЖЭС – 2 575 млн. кВтсағ; КЭС – 1 571,9 млн. кВтсағ; ГЭС – 760,9 млн. кВтсағ; БиоЭС – 2,25 млн. кВтсағ) немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 5,97%-ын құрады.

Айта кетейік, елімізде жаңартылатын энергетика бойынша БҰҰДБ, USAID сияқты халықаралық ұйымдар, сондай-ақ қаржы институттары (ЕҚДБ, АДБ, ЕАДБ, Таза технологиялар қоры, Жасыл климат қоры және т.б.) жұмыс істейді. Олардың бәрі өз портфельдерінде іске асырылған немесе іске асырылып жатқан жобаларға ие. ENI, Shell, Total әлемдік мұнай-газ компаниялары еліміздің түкпір-түкпірінде ЖЭК жобаларын іске асырумен айналысады.

«Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы – Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі негізгі сараптамалық орталық. Қауымдастық 2018 жылы құрылды және биыл өзінің 5 жылдығын атап өтіп жатыр. Оның негізгі міндеті – ЖЭК секторын дамытуға жәрдемдесу, ЖЭК секторын дамытуды реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеуге қатысу, «жасыл» экономиканы ілгерілету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын іске асыру, корпоративтік секторда ЖЭК бойынша құзыреттерді қалыптастыру, ЖЭК секторының іскерлік қоғамдастығын шоғырландыру.

Сонымен қатар қауымдастық ЖЭК бойынша Qazaq Green Fest халықаралық іскерлік фестивалінің ұйымдастырушысы. Qazaq Green ақпараттық-талдау журналын шығарады, Qazaq Green.com «жасыл» экономиканы дамыту мәселелері бойынша онлайн жаңалықтар порталының жұмысын жүргізеді. ЖЭК объектілері бойынша іскерлік экспедициялар ұйымдастырады, сондай-ақ ЖЭК мектебінде жобаларды іске асыру мәселелеріне үйретеді.

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына қатысушылардың 28-ші конференциясында «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы Qazaq Green Certificate Program алғашқы отандық ерікті көміртегі стандартын таныстырды. Qazaq Green Certificate бағдарламасы жеке және корпоративтік тұлғаларға ерікті офсеттік бірліктерді сатып алу арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күреске үлес қосуға, сол арқылы ESG қағидаттарына адалдығын растауға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама