×

Отбасы дауы және алимент өндіру: Жоғарғы сот бірқатар нормативтік қаулыны қабылдады

Сот назары неке бұзылғаннан кейін балалардың ата-аналарымен қарым-қатынас тәртібін анықтау қажеттілігіне ауып отыр

 Айнұр Шошаева 07.12.2023 | 14:05
фото: Halyq Uni

Жоғарғы сот 12 нормативтік қаулы қабылдады, ол азаматтық және азаматтық процестік, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзу туралы заңнамаларға қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтің төрағалығымен ведомствоның кезекті жалпы отырысы өтіп, онда азаматтық және азаматтық процестік заңнамасы бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама бойынша нормативтік қаулыларға түзетулер енгізетін қаулы қабылданды.

Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов аталған екі заңнама бойынша 12 нормативтік қаулыға түзету ұсынылатынын атап өтті. Құқық қолдану практикасының жаңа үрдістерін ескере отырып, оларды заңнамаға сәйкестендіру және өзектендіру қажет. Мәселен, неке-отбасы заңнамасын қолдану жөніндегі нормативтік қаулыларға түзетулер балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.

Сот қателіктерін болдырмау үшін НҚ-да мүліктік талаптарға не жататынын нақты түсіндіріп отырмыз. Әуре-сарсаңды жою үшін неке қию туралы куәліктің түпнұсқасын ұсынбау талап қоюдың негізсіздігін білдірмейтіні көрсетіледі. Сот назары неке бұзылғаннан кейін балалардың ата-аналарымен қарым-қатынас тәртібін анықтау қажеттілігіне аударылып отыр.

Сот практикасын қорыту бірқатар қателіктерді анықтап берді. Мысалы, жекелеген соттар балалардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етпей, бұл мәселелерді шешпейтін. Немесе заңнамаға сәйкес келмейтін негіздерді қолданатынын көрсетті, - деді ол.

Сонымен қатар нормативтік қаулыда баланың туу тегін анықтау, балаларды тәрбиелеу және алимент өндіріп алуға қатысты істер бойынша неке-отбасы дауларының соттылығы қандай болу керек екені түсіндіріледі.

«Алимент өндіріп алуға байланысты істер бойынша НҚ-да алимент төлеу туралы келісім жасасу және алимент бойынша берешек мөлшерін айқындау бойынша түсініктемелер берілді. Балаларды асырап алу туралы НҚ-ның 3-тармағында көрсетілгендей, арыз берушінің жұбайы осы балаға қатысты әке болуы анықталса, ол кезде молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын беру туралы талап алынып тастап отыр. Осы талапты қамтитын норманы Конституциялық сот биыл маусым айында «Конституцияға сәйкес келмейді» деп танығаны мәлім», - деді Нұрсерік Шәріпов.

Бұдан бөлек, Салық кодексіне – азаматтар сот актілерін кассацияға қайта қарау туралы арыз берген кезде мемлекеттік баж мөлшерлемесіне қатысты жіберуге тыйым салу туралы АПК-дегі өзгерістер бойынша түзетулерге назар аударылды.

Жоғарғы соттың судьясы Бейбіт Шермұхаметов Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама бойынша НҚ-ға түзетулер енгізу қажеттігін заңнаманың өзгеруімен және ӘҚБтК кейбір нормаларының мәні мен мазмұнын түсіндіру қажеттігімен түсіндірді. Оның мәліметінше, 2015 жылдан бастап жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жұмыс істейді, оған мыңға жуық өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа нормалар пайда болған. Ал өзгерістердің 500-ден астамы 2018 жылдан бастап 2023 жылдың шілдесіне дейін енгізілген. Осыған орай Жоғарғы сотқа аталған кодекстің белгілі бір нормаларының мәні мен мазмұнын түсіндіру үшін бірнеше рет өтініштер келіп түскен.

Жобада НҚ әкімшілік құқық бұзушылық құралын (нысанасын) тәркілеу түріндегі әкімшілік жаза қолдану тәртібін, жасалған іс-әрекет үшін әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімін қолдану тәртібін және қылмыстық құқық бұзушылық ретінде олардың іс-әрекеттерінің дұрыс сараланбауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін кінәлілерді әкімшілік жауапқа тарту тәртібін және т. б. түсіндірді. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша және қамтамасыз ету шараларын қолдану бөлігінде нормалар түсінік берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама