×

АШМ жайылымды тоздыратын шаруаларға ауылдан алысырақ жер бермек

Ата-бабаларымыздың тәжірибесіндегі көктеу, жайлау, қыстау, күздеу тәжірибелері болуы қажет

 Еркеғали Болатұлы 22.05.2022 | 16:21
фото: ашық дереккөз

Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылым жерлерін әділ бөлудің жаңа тетігін әзірлеп жатыр. Бұл туралы вице-министр Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді.

Оның айтуынша, екінші мәселе – игерілмеген 5 млн гектар жерді қайтару. Министрлік соның есебінен елді мекенге жақын жерлерді ескеріп, оларды ауыл шекарасына қосып, бекітіп бермек.

«Одан кейін бір ауылда 500, мың қой немесе 100 жылқы ұстайтын үйлер кездеседі.

Ал кейде бір ауылдың бар малын қосса, 500 қой ғана шығады. Яғни, жаңағы бір ғана адам өзінің 500 қойын жайып, жайылымды бірден тоздырады. Ол – әділетсіздік.

Ондай азаматтарға біз «Ауылдан алысырақ жер берейік, орман қорынан болса да алыңыз, бақташы жалдауға мүмкіндігіңіз бар. Малды сол жаққа жайсаңыз, елді мекен маңындағы жайылымды ауылдың адамдары түгел пайдаланар еді деп отырмыз», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.

Алайда бұл да мәселенің толық шешімі емес көрінеді.

«Мысалы, қазір 3 шақырым радиусқа жетіп отырған жер ертең 5, одан кейін 10 шақырым болады. Ауыспалы жайылым жоқ.

Айналдыра малды жая бергеннен жайылым жер тозады. Келесі жылы осы 3 шақырым радиустағы жерде шөп шықпай қалып, тұрғындар тағы 5-10 шақырымды сұрайды.

Жайылым туралы заң бар. Ол жерде нақты ауыл әкімдерінің жауапкершілігі көрсетілген. Жайылым схемасын дұрыс ұйымдастыру керек», - дейді Әбілхайыр Тамабек.

Осы орайда ол ата-бабаларымыздың тәжірибесіндегі көктеу, жайлау, қыстау, күздеу тәжірибелері болуы қажеттігін алға тартты. Ал ондай ауыспалы жайылымды ауыл әкімдері ұйымдастырып, бақылау жер инспекторларында болуы керек.

Ауыл әкімі ол жағын дұрыс ұйымдастырмаса, оған ескерту беріп, одан кейін шара қолдану керек немесе әкімшілік айыппұл салынуы тиіс.

Жалпы, ауыл әкімдерінің жауапкершілігі болғанымен де бұл тетік толық жұмыс істемейді. Сондықтан қазір осы бағытта жаңа тетік әзірлеп жатырмыз», - деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама