×

Алматыда жатақханадағы орын тапшылығы қалай шешіліп жатыр – әкімдіктің жауабы

Әкімдік өкілдері 2030 жылға дейінгі жоспарын айтты

 Айнұр Шошаева 05.12.2023 | 16:08
Қайыржан Мендіғалиев, фото: ӨКҚ

Алматыда жыл сайын студенттерге арналған жатақханадағы орын тапшылығы шамамен 32-35 мың. Әкімдік жыл соңына дейін 15 жатақхананы пайдалануға беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың айтуынша, Алматыда оқитын 199 мыңнан астам студенттің 124 мыңы басқа қаладан келген жастар.

Биыл қыркүйек айында басқа қаладан келген студенттердің 50%-дан астамы төсек-орынмен қамтамасыз етілді. Бұл 30-35% аралығында өзгеретін әлемдік көрсеткіштен едәуір асып түседі. 2016 жылдан бастап төсек-орындарға қажеттілікті анықтау мақсатында біз қаладағы ЖОО-лар арасында сауалнама жүргізіп келеміз. Жыл сайынғы орын тапшылығы шамамен 32-35 мың, - деді қала әкімінің орынбасары.

Қазір қалада қолданыстағы 102 жатақхана бар, онда 33,5 мыңнан астам студент тұрады.

«Ресми дерек бойынша қалада 200-ге жуық хостел бар, оның 23-імен меморандум жасалған. Яғни, ЖОО-лар хостелдердің тек 10 пайызымен ғана жұмыс істейді, оларға оқу орындары тарапынан қандай да бір бақылау бар деген сөз. Студенттердің кәмелетке толған азаматтар екенін ұмытпау керек, олар өздері қалаған жерде тұруға хақылы. Халықтың мобильді санаты болғандықтан, бір хостелде тұрып, біраз уақыттан соң басқасына көшіп кетуі мүмкін. Сондықтан біз студентті бір жерде өмір сүруге міндеттей алмаймыз», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайыржан Мендіғалиевтің мәліметінше, оқу жылы басында ЖОО жатақханасын алу үшін 66 мың студент өтініш берген.

«Бүгінде жатақхана салу өзекті мәселе және жұмысымыздың маңызды бағыты болып отыр. Биылдан бастап жатақхана құрылысын субсидиялау механизмі өзгерді. Бұл жұмысты екі бағыт бойынша жүргіземіз. Біріншісі – жаңа нысандар салу. Өздеріңізге белгілі, қала орталығында ЖОО-лар орналасқан аумақтарда бос орын өте аз. Сондықтан осы жылы жарамсыз (бейінсіз) нысандарды реконструкциялау өте маңызды. Екіншісі - инвестор немесе ЖОО нысан салған жайдайда мемлекеттен 230 АЕК мөлшерінде субсидия алады. Ол 6 жыл бойы әрбір тұрған студент үшін 793,5 мың теңгені құрайды. Ал нысанды реконструкциялау кезінде әр студент үшін 8 жыл бойы 93 АЕК мөлшерінде субсидия төленеді», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ басқарма басшысы жатақхана салуды көздейтін инвесторларға тиісті көмек көрсететін жобалық кеңсе іске қосылғанын атап өтті.

«Министрлікпен бірлесіп жатақхана құрылысы бойынша жобалық кеңсені іске қостық. Жатақхана салуды көздейтін инвестор сол кеңсеге келіп, консультация алып, оның ішінде құрылысқа рұқсат ала алады. Биыл 114 инвестормен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қазір 47 нысан іске қосылды. Оның ішінде биыл жыл соңына дейін 15 нысанды аяқтауды көздеп отырмыз. Атап айтсақ, бір нысан – 980 орындық жатақхана жаңадан салынып жатыр, қалғаны бейінсіз ғимараттар», - деді Мендіғалиев.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі 2025 жылдың соңына дейін 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек-орын беруді жоспарлап отыр. Әкімдік өкілдері бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік беретінін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама