×

Әр бала Face ID арқылы қатысады: Алматыда 65 мыңнан астам бала тегін үйірмеге барып жүр

Алматылық балалар мен жасөспірімдердің 2,5 мыңнан астам секция мен үйірмеге қатысуға мүмкіндігі бар

 Айнұр Шошаева 05.12.2023 | 14:46
Арман Қырықбаев, фото: ӨКҚ

Алматыда 65 мыңнан астам бала мен жасөспірім әртүрлі секциялар мен үйірмелерге тегін қатысып жүр. Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев «Damu bala» бағдарламасы қалай іске асырылып жатқаны туралы айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Арман Қырықбаевтың мәліметінше, алматылық балалар мен жасөспірімдердің 2,5 мыңнан астам секция мен үйірмеге қатысуға мүмкіндігі бар. Қазір 65 мыңнан астам бала тегін үйірмеге қатысып жүр. Бұл үшін биыл жергілікті бюджеттен 16,2 млрд теңге бөлінген.  

«Кезінде осы үйірмелердің айналасында үлкен дау-дамай болды. Содан кейін біз бұл бағдарламаның операторын ауыстырдық. Жай ғана ауыстырып қоймай, жаңадан келген операторға бірнеше нақты талап қойдық. Мәселен, қатысатын балалардың тізімін нақтылау бойынша талап. Оның шынымен де, бала екенін және Алматы қаласының тұрғыны екенін растайтын ата-анасының электронды қолы болуын қамтамасыз еттік. Сонымен қатар қазір кез келген үйірмеге қатысатын бала Face ID арқылы расталады. Яғни оның үйірмеге қатысқаны немесе қатыспағаны сол арқылы да анықталады. Бұған қоса, бала үйірмеге келу құқығына QR-код арқылы ие болады», - деді Арман Қырықбаев.

Айта кетейік, биыл сәуір айынан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорт тапсырыстарын орналастыру және қаржыландыру функциялары аудан әкімдіктерінің құзыретіне берілген. 

Бұл жұмыстың нақты ұйымдастыру әрі жеңілдету үшін бағдарламаға бөлінген қаржыны қаланың 8 ауданына бөліп бердік. Әр ауданда осы жұмыспен айналысып отырған біздің қызметкерлеріміз бар. Әрине, адам көп болған жерде ішінара келеңсіздіктер болуы мүмкін. Бірақ бұрынғыдай көп мөлшердегі келеңсіздіктер мен бассыздықтар жоқ деп ойлаймыз, - деп қосты ол.

Қала әкімінің орынбасары бұл өзгерістер мегаполис аудандарындағы балалардың қажеттіліктеріне нақты талдау жасауға, қала аудандарының инфрақұрылымын дамытуды айқындауға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға ықпал ететінін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама