×

Астанада IT маманы мекеменің ақшасын ұрлап, ойынға салып жіберген

ЖШС-ға келтірілген залал өтелген жоқ

 Динара Амантай 05.12.2023 | 13:35
Фото: investopedia.com

Астанада IT маманы мекеменің ақшасын ұрлап, оны букмекерлік кеңседе жұмсап жіберген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, сотталушы ЖШС-де материалдық жауапты адам бола тұра, өзіне сеніп тапсырылған құны 57 млн теңгеден асатын ұйымдастыру техникасын талан-таражыға салып, сатып, одан түскен ақшаны букмекерлік кеңселерде жұмсағаны үшін кінәлі деп танылды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 9 қазандағы үкімімен К. 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылып, ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша 7 жылға сотталды.

Апелляциялық шағымында сотталушы тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұрады.

Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы К.-нің өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салғаны дәлелденгендіктен және тағайындалған жазаның кінәлі адамның жеке басына және туындаған зардаптарға сәйкестігіне байланысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, – делінген сот хабарламасында.

ЖШС-ға келтірілген залал өтелген жоқ.

Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама