×

Қарасай ауданында әйел кішкентай ұл-қызын полиция басқармасына апарып тастаған

Қазір 5 жастағы бала 3-тегі қарындасына қамқор болып жүр

 Еркеғали Болатұлы 05.12.2023 | 13:27
фото: видеодан скриншот

Алматы облысында әйел 2 және 5 жастағы балаларына қарай алмағандықтан, оларды полиция қызметкерлеріне әкеп тастаған. Қарасай ауданында кәмелетке толмағандарды қабылдайтын орын болмағандықтан, қос бүлдіршін бір аптадан бері Шамалған ауылындағы ауруханада жүр. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Ауруханадағылар кішісі сол күні анасын іздеп жылай бастағанын, ал дәрігерлер оны сыртқа шығарып ойнатып, жұбатуға тырысқандарын айтады. Қазір оларға ауруханадан жеке бөлме беріліпті. Өйткені онда түрлі дертпен түсетін балалар көп.

Қазір балалардың жағдайы жақсы. Осында тамақ ішіп, есік алдына серуендеуге шығады. Екі медбике тәулік бойы қарап жүр. Бірақ мұнда түрлі дертпен түсетіндердің саны көп болғандықтан, әрине, қорқыныш та бар, – деді Қарасай аудандық орталық ауруханасы педиатрия бөлімінің дәрігері Байрам Асланов.

Қазір 5 жастағы бала 3-тегі қарындасына қамқор болып жүр. Аурухана қызметкерлері мен өзге тұрғындар оларға киім-кешек әкеліп, көмек көрсетіп жатыр.

Іргелі ауылдық округінде тұратын әйел ұл-қызын әлі іздеп келмеген. Енді бүлдіршіндердің ары қарайғы тағдыры не болатынын комиссия шешеді.

Алдағы жұмада Қарасай ауданының әкімдігі жанындағы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ісімен айналысатын комиссияның отырысы болады. Енді бұл мәселе осы отырыстан кейін толығымен шешіледі, – деп мәлімдеді Шамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәурен Абзалұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама