×

Қазақ ұлтының үлесі – 35%: Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО-ны қазақыландыру процесі қалай жүріп жатқанын айтты

Биыл өңірге Қазақстанның оңтүстігінен 2560 адам көшіп барған

 Дәурен Ерболат 04.12.2023 | 15:17
Ғауез Нұрмұхамбетов, фото: ОКҚ баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі өңірді қазақыландыру процесі жүйелі жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында журналистердің бірі СҚО әкіміне «Солтүстік Қазақстанда қазақ ұлтының үлесі 35 пайыз шамасында. Өңірді қазақыландыру бойынша нақты қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?» деген сұрақ қойды.

Ғауез Нұрмұхамбетов мәселе бақылауда екенін атап өтті.

(Өңірде қазақ ұлтының үлесі аз болуы – авт.) мені алаңдатады. Алайда жұмыс жүріп жатыр... Қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар әрі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Курстар ашылып жатыр, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында 6 аудан мен 138 ауыл бар.

«Жыл сайын жолдар мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Сондай-ақ оңтүстіктен арнайы квотамен адамдар көшіп келіп жатыр. Биыл шамамен 2560 адам келді. Оның ішінде 235 қандас бар. Жыл сайын оңтүстіктен келген адамдардың 85-89%-ы ауылдарда қоныстанып, қалып жатыр. Бұл да жақсы көрсеткіш», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама