×

«Барлығы жазасын алды»: СҚО әкімі өңірде болған сепаратизм әрекеті жайлы пікірін айтты

Петропавлда сепаратизм әрекеті үшін 4 адам сотталды

 Дәурен Ерболат 04.12.2023 | 14:24
Фото: sko.sud.kz

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде болған сепаратизм әрекеті жайлы пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Елімізде осындай бірен-саран оқиға болды. Облысымызда да осындай жағдай тіркелді. Бүгінде бұл процесс ашық өтті. Өткен аптада бұл қозғалысты ұйымдастырып, заңды бұзғандар жауапқа тартылды. Мен тек бір фамилияны айтамын. Ол – Вячеслав Зудерман. Сот оны 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі өңірде сепаратизм дерегі болмауы үшін қандай жұмыстар жүргізілгенін айтты.

«Бүгінде облыста сепаратизм сияқты мәселемен Қазақстан халқы ассамблеясы, яғни этномәдени орталықтар айналысады. Мен этномәдени орталықтарға барып, олардың басшыларымен кездестім. Олар өте тәжірибелі. Бүгінде басшылар қоғамда сепаратизм болмауы үшін адамдармен кездесіп, жұмыс істейді. 

Сондай-ақ құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары бар. Алдымен олар жағдайды қадағалап бақылайды. Мұнда полиция департаментін де атап өту керек. Олар да мұндайға жол бермес үшін жағдайды бақылап отырады», - деді ол.

Ғауез Нұрмұхамбетов сепартизм дерегіне қатысы бар адамдар тиісті жазасын алғанын атап өтті.

Өкінішке қарай, Петропавлда осындай жағдай болып, заң бұзылды. Әрине, бұл адамдар сотталып, тиісті жазасын алды, - деді облыс әкімі.

Солтүстік Қазақстан облысында сепаратизм әрекеті үшін 4 адам сотталды. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Вячеслав Зудерман қылмыстық кодекстің 179-бабы 2-бөлігі (билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру), 180-бабы 2-бөлігі (сепаратистік әрекет), 287-бабы 3-бөлігі (атыс қаруын заңсыз сақтау) бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, Вячеслав Зудерман 2023 жылдың 18 сәуірінде қамауға алынды.

Іс бойынша сотталушы Елена Болдырева қылмыстық кодекстің 179-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. 180-бабы 2-бөлігі бойынша 6 жылға сотталды. Оған жалпы 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Мәдина Капарова қылмыстық кодекстің 179-бабы 2-бөлігі, 180-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасады деп танылып, 7 жылға сотталды.

Ольга Бережнова қылмыстық кодекстің 179-бабы 2-бөлігі, 180-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бұған дейін үйқамақта болған, Бережнова сот залынан қамауға алынды.

ОЛАР ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТКЕН?

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы Зудерман 2021 жылдың күзінде таныстары арасында бұрмаланған ақпарат таратқан. Сол арқылы мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, мемлекеттің ыдырауын, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен бірлігін бұзуды насихаттаған. Оның бұл бастамасын Бережнова, Болдырева, Капарова қолдаған. Олардың бұған дейін коронавирус кезіндегі шектеулерге қарсы біріккені белгілі.

Зудерман 2021 жылдан бері Telegram мессенджерінде «Народный Дозоръ. Петропавловскъ», «Народный Совет. СКО, Петропавловск» тобын құрған. Бұл топқа басқа сотталушылар қосылған, жалпы 20 адам болған. Топта азаматтық және саяси мінез-құлықтың конституцияға қарсы түрін насихаттап, Қазақстанның тәуелсіздігін жоюға, қауіпсіздікке нұқсан келтіруді насихаттау мақсатында топтарға қатысушылардың азаматтық және саяси санасына ықпал етуге бағытталған ақпарат жариялаған.

2021 жылдың 21 қазанында Зудерман «Народный Дозоръ. Петропавловскъ» тобында КСРО-ны жандандыру қажет екені туралы саяси көзқарасты қалыптастыру үшін, оның салдыранын Тәуелсіз Қазақстан Республикасының күші жойылатынын көрсетіп, КСРО заңдарына сілтеме жасап, КСРО паспортының шексіз мүмкіндігі барын көрсететін мәліметтер жариялаған, - делінген сот материалында.

Қалған сотталушылар Зудерманның идеясын қолдап, осы бағытта ақпарат таратқан.

2023 жылдың қаңтарынан бастап Зудерман «Халық кеңесінің» құрылғаны туралы бейресми дереккөзге сүйенген ақпарат тарата бастаған.

2023 жылдың ақпанында «Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесін» құру процесінде Зудерман осы ұйымға заңды сипат беру мақсатында адамдардың жеке қатысуы, сол іс-шараның хаттамасын толтыру және кеңестің мақсатын жариялайтын негізгі құжат ретінде декларацияны дайындау үшін жиналыс өткізуді ұсынған.

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасын, оның мемлекеттік органдары мен басқару жүйесін мойындамайтын жаңадан құрылатын бірлестікке басқа адамдардың мүше екенін растау үшін қылмыстық оймен «Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы еңбекшілерінің Халық кеңесінің» символикасын, мөрін және куәлігін әзірлеу туралы шешім қабылдаған.

Зудерман 2023 жылдың 19 наурызында 20 адамды жиналуға шақырған.

Жиналыстың барлық қатысушысы Болдыреваны жиналыстың төрағасы, ал Капарованы жиналыстың хатшысы етіп сайлаған. Жиналысқа қатысқандар бірауыздан «Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесін» қалпына келтіруге дауыс берген.

Келісілген күні декларация оқылып, оған 19 адам қол қойған. Сотталған 4 адамнан басқасы қылмыстық іс бойынша куәгерлер қатарында болды.

Айта кетейік, сот үкімі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама