×

Прокурорлардың наразылығымен 19 млрд теңгеге қатысты сот актісі қайта қаралды

Мемлекеттің құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған 66 наразылық қанағаттандырылды

 Динара Амантай 01.12.2023 | 17:30
Фото: facebook.com/GenProkRK

Прокурорлардың өтінішхаттары мен наразылықтары бойынша соттар, оның ішінде мемлекет пайдасына 19 млрд теңгеге барлығы 342 сот актісін қайта қарады, деп хабарлады Halyq Uni.

Жоғарғы сотпен Бас прокуратураның азаматтардың, кәсіпкерлердің, қоғам мен мемлекеттің құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған 66 наразылығы қанағаттандырылды. Азаматтардың тұрғын үй құқығы Бас прокуратураның наразылығы бойынша әскери қызметкерлерге тұрғын үй төлемдерін тағайындау, іске асыру және тоқтату бойынша бірыңғай практика қалыптастырылды. Әскери бөлімдердің тұрғын үй комиссиялары әскери қызметкерлерге жалға берілетін тұрғын үй алу немесе пәтерді ипотекаға сатып алу кезінде оларға тиесілі тұрғын үй төлемдерін іске асырудан негізсіз бас тартқан.

Жоғарғы сот тұрғын үй комиссияларының ұстанымымен келіспей, жалдау және ипотекалық тұрғын үйді сатып алу әскери қызметшіні тұрғын үй төлемдерінен айырмауға тиіс. Өйткені олар мемлекет тарапынан, оның ішінде тұрғын үйді жалға алу және ипотека үшін төленеді. Әскери қызметшілердің тұрғын үй құқығы қалпына келтірілді. Әрекетке қабілетсіз азаматтың құқығы қорғалды.

Азаматтық және әкімшілік процестердегі прокурордың міндеттерінің бірі – физикалық немесе психикалық ерекшеліктеріне байланысты өздерін қорғай алмайтын азаматтардың құқығын қорғау. Бас прокуратураның наразылығы бойынша Жоғарғы сот іс-әрекетке қабілетсіз азаматтан іс жүзінде алмаған пәтер сатып алу есебіне берілген 5 млн теңгені өндіріп алу туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты. Кәсіпкерлерді қорғау бағытында 5 наразылық қанағаттандырылды.

Шымкент қаласының Құрылыс басқармасы шарттың талаптары мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қайшы «АлемСтрой-1» ЖШС-не негізсіз 12,6 млн теңге айыпақы есептеген. Жоғарғы сот наразылық негізінде басқарманың талап қоюын қанағаттандырусыз қалдырды. Кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Прокуратураның араласуынан кейін жоғары сот сатысы Қапшағай, Талдықорған, Текелі қалаларының, Ескелді және Іле аудандарының сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізумен айналысатын «Қала жарығы» ЖШС-мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын біржақты бұзу бойынша Жетісу облысының Энергетика басқармасының іс-әрекетін заңсыз деп таныды. Инвестордың құқықтары қалпына келтірілді.

Мемлекет мүддесін қорғау бағытында шамамен 15 млрд теңге болатын сомаға 51 наразылық қанағаттандырылды. Жоғарғы сот «Аймақ және К» ЖШС-нің Энергетика министрлігін Щучье-Бурабай курорттық аймағының Қарасу көлінің су қоймасын тазарту бойынша сомасы 1,6 млрд теңге болатын іс жүзінде нақты орындалмаған жұмыстарды қабылдау жөніндегі актіге қол қоюға міндеттеу туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты.

Басқа жағдайда жоғары сот сатысы «Корпорация «Прогресс» ЖШС-нің «Қазавтожол» ЖШС-нен мемлекеттік сатып алу туралы шартта және жобалау-сметалық құжаттамада көзделмеген 934 млн теңгеге шығыстарды өндіріп алу туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты.

Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде Жоғарғы сот жалпы сомасы 14 млрд теңгеге 18 наразылықты қанағаттандырды.

Бұдан басқа, мемлекетке заңсыз жекешелендірілген темір жол көлігі үшін материалдық-техникалық отын қоймалары, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның акциялары, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші – 1912 жылы салынған көпес Ғабдувалиевтің үйі (Қызыл таң мата үйі), жер учаскелері қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама