×

«Оқушыны қорлады». ІІМ қылмыстық істің қалай жүргізіліп жатқанын түсіндірді (ВИДЕО)

Баланың анасы істі тергеуге кедергі келтіріп жатыр

 Дәурен Ерболат 29.11.2023 | 17:30
Фото: gov.kz

Ішкі істер министрлігі Алматыда «қорлық көрген» оқушының ісі Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын баяндады, деп хабарлады Polisia.kz.

Оқиға 14 қыркүйекте Алматыда болған. Әйел полицияға хабарласып, қаладағы халықаралық мектептің бірінде белгісіз адамның баласына қорлық көрсеткенін айтқан. Сол күні тергеуші сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарып, қылмыстық іс қозғалған. 15 қыркүйекте баланы сарапшылар комиссиясы қарады. Нәтижесінде одан зорлық-зомбылық ізі анықталмады.

Сондай-ақ комиссия арнайы медициналық жабдықтары бар проктология саласындағы маманды осы іске қатыстыру туралы ұсынымхат берген. Алайда баланың анасы жеке клиниканың проктолог-маманына өз бетінше жүгініп, кейін сараптамадан өтуден бас тартты.

Тергеу барысында мектептің ішіне және айналасына орнатылған бейнебақылау камераларынан жазбалары алынды.

Ондағы жазбаларға сәйкес, 11-14 қыркүйек аралығында баланың мектеп дәретханасына 57 рет барғаны анықталды. Онда ол 2-3 минут болған. Сондай-ақ онымен бірге басқа адамдардың дәретханаға барғаны камераға тіркелмеген.

Жауап алынған мектеп қызметкерлері мен сыныптастары балаға қатысты қандай да бір қысым мен зорлық-зомбылық жасалғанын жоққа шығарды.

Іс бойынша сот-биологиялық және молекулалық-геномдық сараптамалар жүргізілді. Оның қорытындысына сәйкес, баланың іш киімі мен шалбарында тек өзіне ғана тиесілі биоматериал табылды. Басқа із табылмады.

Арызданушы сараптаманың қорытындысымен келіспей, өз адвокаты мен тәуелсіз мамандарды ұсыну туралы өтініш білдірді. Алайда осы уақытқа дейін олар мұндай мамандарды ұсынбады. Бұл қосымша сараптама тағайындауға кедергі келтіріп отыр.

Сонымен қатар арызданушы психологтың қатысуымен ұлынан жауап алуға үзілді-кесілді бас тартқан. Осыған байланысты қылмыстық істі тергеу мүмкін болмай отыр. Бірақ осындай кедергілерге қарамастан, тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама