×

Түркістандық 50 мыңнан аса жас не оқымайды, не жұмыс істемейді

Әкімдік мәселені бақылауда ұстап отыр

 Дәурен Ерболат 29.11.2023 | 14:35
Фото: zakon.kz

Түркістан облысында NEET санатына жататын 50 мыңнан аса жас анықталды. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде 14-35 жас аралығында 650 мың жас бар.

(NEET санатындағы жастардың үлесін азайту үшін, – автор) бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, біз колледждерде грантты көбейттік. Биыл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мыңға жуық артық грант бөлінді. Екіншіден, біз тиісті комиссия құрдық. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар кірді. Олар біздегі NEET санатына жататын жастарды анықтауға кірісті, - деді Дархан Сатыбалды ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол өңірде не сабақ, не жұмыс істемейтін қанша жас барын да айтты.

Қазір Түркістан облысында NEET санатына жататын 50 мыңнан аса жас бар. Олардың үйіне барып, тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Біз оларға жастар практикасын, қоғамдық жұмыстарды ұсынып жатырмыз. Бұдан бөлек, гранттар ұсынамыз. Сондай-ақ жеңілдетілген несие беріп отырмыз. Нәтижесінде жыл басынан бері 47 мың жас жұмысқа орналастырылды, - деді облыс әкімі.

Бұған дейін 6 өңірде сабақ оқымайтын, жұмыс істемейтін жастар көп екені хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама