×

«Мемлекеттік тіл және БАҚ – 2023» байқауының жеңімпаздары анықталды

Биыл байқауға 145 материал түскен

 Халық үні 28.11.2023 | 14:08
Фото: Ерлан Омаров

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ – 2023» байқауының жеңімпаздары анықталды.

Байқауға еліміздегі жетекші телерадио ұжымдары, газет, журналдар, сайттар қатысты. Қазір тілге қатысты мәселе көп. Оның ішінде қоғамдық орындарда, мемлекеттік қызметте қолданылуы бар. БАҚ өкілдері тілге деген жанашырлығы, азаматтық жауапкершілігі, кәсіби қызметін сезініп, елдік мәселе, ұлттың мәселесін көтеріп жүр, - деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов.

Қазылар алқасының мүшесі Дихан Қамзабекұлы БАҚ өкілдерінің байқауға жауапкершілікпен қарағанын айтып өтті.

Тіл деген жерде тағдырымыз, жанымыз тұр. Тіл – парасат, ақылымыздың айнасы. Қаламгерлер оны үлкен жауапкершілікпен сезініп, байқауға қатысып отыр.  Байқаудың сыртында қалған азаматтардың қаламы бәсең деп айта алмаймыз, бірақ байқаудың аты – байқау. Мемлекеттік тіл өмірдің құрамдас бөлігі ретінде Қазақстанның жеткен жетістігін, әлі жете алмаған мақсат-міндеттерін орындауға жұмылсын!, - деді «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.

Айта кетейік, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл байқауға 64 өтінім арқылы 145 материал түскен. Оның 123-і қазақ тілінде, 17 – орыс тіліндегі материал.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ – 2023» байқауының Гран-при жүлдесі мен 1 000 000 теңге сертификаты «Халық үні» ақпарат агенттігінің тілшісі Айгерім Таубайға табысталды.

Басылым беттерінде, сондай-ақ интернет ресурстарда жарық көрген «Үздік мақала» аталымы бойынша 1-орынды Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің аға тілшісі Анжела Ли жеңіп алды, 2-орын «Qazcontent» El.kz АҚ ақпараттық агенттігінің тілшісі Амангүл Тілейге берілді.

3-орынды Астана қаласы №38 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Біржан Ахмер мен «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газетінің редакторы Достан Елдес өзара бөлісті.

«Үздік теле және радиобағдарлама» аталымы бойынша 1-орын «Қазақ радиосының» редакторы Азамат Тілеповке, 2-орынды «Жетісу» телеарнасы» ЖШС қызметкері Мұрат Жұмабай еншіледі.

«Үздік мақала» және «Үздік теле және радиобағдарлама» аталымы бойынша бірінші орын үшін – 750 000 теңге, екінші орынға – 500 000 теңге және үшінші орын иелеріне 300 000 теңгенің сертификаты табысталды.

Сондай-ақ, байқау қорытындысы бойынша 9 қатысушы ынталандыру сыйлығына ие болып, 100 000 теңгеден берілді.

Айта кетейік, қазылар алқасының құрамында Парламент сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, белгілі журналист Махат Садық, Өнертану докторы, Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков, «Qazaq Media Association» төрағасы Ербол Азанбеков болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама