×

Адамды азаптады деген айыппен атыраулық 5 тергеуші сотталып кетті

Жәбірленуші олардың әрқайсысынан 2 млн теңгеден өндіруді талап етті

 Еркеғали Болатұлы 24.11.2023 | 11:00
фото: Айнұр Сапарова

23 қарашада Атырауда қалалық полиция басқармасының бұрынғы 5 тергеушісі «азаптау» ісі бойынша сотталды. Сот оларды кінәлі деп танып, 3-4 жылға қамау жазасын кесті. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Атап айтқанда, «адам азаптады» деп айыпталған Шыңғысхан Айтбаев, Марат Жонбай, Тимур Мажитов 4 жылға сотталса, Асланбек Төлеуішов пен Ербол Сиғуатов «адам азаптауға көмектесті» деген айыппен 3 жылға кетті.

Сотталған экс-полицейлер Атырау қалалық полиция басқармасында жұмыс істеген. Төртеуі бұйрықпен жұмыстан босатылған, біреуі өз еркімен кеткен.

Сот үкімімен айыпталғандардың бәрі де шендерінен және органдарда қызмет атқару құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды. Сотталғандар жазасын қатаңдығы орташа мекемесінде өтеуі тиіс. Сондай-ақ әрқайсысынан жәбірленушіге 500 мың теңгеден моралдық өтемақы өндіріледі.

Судья Зәуре Қазақбай айыпталушылардың кінәсі бейнежазбалар сынды айғақтармен дәлелденгенін айтты. Алайда сотталғандардың қорғаушылары Руслан Жакупов пен Аслан Жолболов сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Сот-медициналық сараптамасы азаптау кезінде жәбірленуші Руслан Қуанышқалиевке «жеңіл дене жарақаты келтірілген» деген қорытынды шығарған. Оның сол жақ құлағының дабыл жарғағы зақымданған, сол көзі жарақаттанған. Бірақ тергеу бұл сараптамамен келіспей, Оралда екінші сараптама жүргізді. Қорғау тарабы екінші сараптамаға күдік келтіреді. Жакуповтың айтуынша, сараптама 11 ақпанда жүргізілген, бірақ сараптама жүргізу туралы бұйрық екі күннен кейін, 13 ақпанда шыққан.

Қуанышқалиев биыл ақпанда өзін полицейлердің азаптағанын айтып арызданған. Ақпанның басында полиция оған «бір адамды ұрып-соқты» деген айып таққан. Қуанышқалиев айыпты мойындамаған.

Жәбірленуші сотта айыпталушының әрқайсысынан 2 млн теңгеден өндіруді талап етті. Ал айыпталушылар бұл талаппен келіспеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама