×

БҚО-да қарияны тонап кеткендердің бірі өз немересі болып шықты

Күдіктілердің бірінің қалтасынан тапанша мен жиналмалы пышақ тәркіленді

 Динара Амантай 22.11.2023 | 15:58
Фото: polisia.kz

16 қарашада сағат 21:40-та Бәйтерек ауданы Приурал полиция бөлімінің кезекшісіне үрейі ұшқан әйел қоңырау шалып, белгісіз біреулердің әкесіне шабуыл жасап, қалтасындағы ақшасын ұрлап кеткенін хабарлаған. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы мен учаскелік полиция инспекторы жіберілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Дабыл бойынша полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Оқиға орнына бара жатқан жолда учаскелік полиция инспекторы жол бойында екі жігітті байқайды. Бірақ жігіттер полиция қызметкерінің өздеріне қарай бет алғанын байқап, қашып кетеді. Алайда полиция қызметкері біреуін танып үлгереді.

Оқиға орнына жеткен полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізу барысында белгісіз екі жігіттің егде жастағы ерлі-зайыптылар тұратын үйге кіріп, ер адамға дене жарақатын салып, оны тонап, 190 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұрлап кеткенін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері 18 және 17 жастағы екі жігітті Дариян ауылында қолға түсірді. Оның бірі жәбірленушінің өз немересі болып шықты.

Жауап алу кезінде тонауға барған екі жігіт сол күні Орал қаласынан Дариян ауылына қайтып келе жатқан жолда бірі-бірімен кездесіп, жәбірленушінің немересі қызға сыйлық сатып алу жоспарын досымен бөліскенін және бұған досы да келісе кеткенін жеткізді. Ауылға жеткен жігіттер күдіктінің атасы мен әжесі тұратын үйге қарай бет алады. Немересі әжесінің сол уақытта жұмысқа кететінін алдын ала білген.

Әйелдің жұмысқа кеткенін күткен немересі үйге терезе арқылы еніп, досының сыртта қалуын өтінеді. Үйге кірген ол ақша іздей бастайды. Алайда атасы бөлмеге кіріп, шкафқа тығылып үлгереді. Кенет атасы біреудің жүргенін байқап, сөйлей бастайды. Осы кезде немересі досына телефон арқылы ішке кіруін сұрайды. Жүгіріп сыртқа шыққан атасының басына сүлгі лақтырады. Сосын оны жерге жығып құлатып, қалтасындағы ақшаны алып, оқиға орнынан бой тасалайды.

Оларды ұстау кезінде бірінің, яғни 18 жастағы күдіктінің қалтасынан тапанша және жиналмалы пышақ, ал 17 жастағы немересінен ұрланған ақша табылып, тәркіленді. Қазір күдіктілер Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі («Қарақшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама