×

Әлем чемпионы Жанқош Тұраров Алматыда жапон боксшысымен жұдырықтасады

Бокс кеші 10 желтоқсанда өтеді

 Халық үні 17.11.2023 | 16:53
фото: Жаңқош Тұраровтың жеке архивінен

10 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында дүбірлі бокс кеші өтеді. Бокс кешінің басты жекпе-жегінде әлі жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (27-0, 20 КО) мансабындағы ең маңызды кездесулерінің бірін өткізеді.

Қарсыласы  бірнеше дүркін Жапония мен Азия чемпионы Акихиро Кондо (37-11-2, 21 КО). Қос боксшы IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы мен WBA Gold World чемпиондық белдіктерін сарапқа салады.

Бұдан бөлек шаршы алаңға Виктор Коточигов, Балауса Мұздыман, Елшат Нығметолла, Елхан Табынбаев сияқты қазақстандық боуксшылар шығады. Кештің бас ұйымдастырушысы – LK Production.

Айта кеткен жөн, Жаңқош Тұраров осымен үшінші жыл қатарынан желтоқсан айында қорытынды жекпе-жек өткізіп келеді. 2021 жылы отандасымыз Абдумонем Саидті тізе бүктірсе, 2022 жылы әлемнің экс-чемпионы Луис Энрике Ромероны нокаутқа жіберген еді.

IBO тұжырымы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы Жаңқош Тұраров болашақта кәсіпқой бокстың шыңы саналатын WBA, WBC, WBO, IBF тұжырымдарын бағындырғысы келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама