×

Жыл басынан бері терроризм актісі туралы 50-ге жуық жалған хабарлама тіркелген

Осыған байланысты 21 адам ұсталды

 Динара Амантай 17.11.2023 | 14:00
Фото: Halyq Uni

Биыл көлік полицейлері 50-ге жуық терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламаны тіркеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы («Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау») бойынша 49 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл туралы көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы уақытта әуе және теміржол көлігі нысандарында әзіл-қалжыңды жалған терроризм фактілері жиілеп кетті. Жыл басынан бері аталған қылмыстарды жасағаны үшін 21 адам анықталып, ұсталды.

Мәселен, бір тәулікте Астана қаласының әуежайында жолаушылар тіркеуден және тексеруден өту кезінде әуежай қызметкерлеріне бомба, граната және т.б. тыйым салынған заттардың бар екендігі туралы әзіл-қалжың түрінде хабарлаған 3 факті тіркелді.

Жүргізілген тексеру іс-шараларының нәтижесінде тыйым салынған заттар табылған жоқ. Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабы («Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді ПД бастығы.

Сондай-ақ ведомство басшысы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар көлік инфрақұрылымының қызметін тоқтатып, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің күштерін нақты қылмыстар мен оқиғалардан аударып әкететінін, сондай-ақ материалдық залал түрінде елеулі зиян келтіретінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама