×

«Балаларыңмен қосып балталап тастаймын»: дағдарыс орталығын паналаған әйелдердің көрген қорлығы

Әйелдер балаларымен бірге дағдарыс орталығында жарты жыл тұра алады

 Айгерім Таубай 17.11.2023 | 16:10
коллаж: Halyq Uni

Астанадағы дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер тұрады. Арасында 8 баласымен бірге тұрып жатқандар да бар. Орталықта 6 ай тұруға мүмкіндік беріледі. Осы аралықта әйелдер пәтер жалдап тұруға ақша жинайды, енді бірі жаңа мамандықты игереді. Halyq Uni тілшісі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдермен сөйлесіп, басынан өткен оқиғасын тыңдады. Айта кетейік, өз оқиғасын бөліскен әйелдердің аты-жөні өзгертілген.

Айша, 36 жаста. Үш ұлы бар. Бұған дейін Ақмола облысындағы ауылда тұрған. 11 жылдан бері тұрмыста.

– Айша, дағдарыс орталығына қалай келдіңіз? 

– Үйдегі ұрыс-керіс. Күйеуім көп ішеді, айтатыны тек жаман сөз. 11 жыл бойы аузынан бір жақсы сөз естіген жоқпын. 11 жыл бойы ұрды, соқты. Бәрін көрсетті. Амалсыздан келдім. 2021 жылы үшінші ұлымды босанғаннан кейін айтқан сөзі әлі есімде. Ішіп алған кезінде «Балалармен қоса өзіңді де балталап тастаймын» деді. Ондай сөзді аузынан бірінші рет естідім, бұрын айтқан емес. Сол сөзді естігеннен кейін ішіп келген сайын бізді өлтіріп қоя ма деп қорқатын болдым. 

Төркініме талай кеткенмін, анасымен бірге келіп, кешірім сұрап, «адам боламын, намазаға да жығыламын» деп алып кетіп жүрді. Әлі де артымнан қалып жүрген жоқ. «Бәрін істеймін» деп жалынып жүр. Өтірік сөз сияқты, өзгеретін адамның сөзі емес.

– Қалай үйлендіңіздер?

– Бір-бірімізді жақсы көріп үйлендік. Мінезін басында-ақ көрсеткен. Анам да бала туған соң жақсы болып кетер деп айтты. «Кішкене шыда», «бәрі жақсы болады» деді. Ешқандай өзгеріс жоқ, бұрынғысынан бетер болып кетті. Ашуланып, көп ішіп кетті. Күнде ішетінді шығарды. Бір тыныштық жоқ. Ішсе де жынды, ішпесе де жынды.

...Қызғаншақ, қатты қызғаншақ... Бәрінен қызғанады. Өзінің туысқандарынан да қызғанады. Айтатыны тек жаман сөз.

– Сонда не дейді?

– Ол үшін әйелдің бәрі бұзық сияқты көрінеді. Ойы сондай. Балалардың көзінше де боғауыз көп айтады. Қайтыс болып кеткен әкемді де, шешемді де қоймайды. Бауырларыма тиіседі. 11 жыл бойы қаңғып жүргенім осы.

 Кіші ұлының неше жаста? Әкесін сұрай ма?

– 2 жаста. Жоқ, сұрамайды. Арасында «папа» деп айтып қояды. Екінші ұлым сұрап қояды. Үлкен ұлым әкесінен қатты қорқады. Ішіп келіп ұрған кездері де болған.

– Полицияға жүгіндіңіз бе?

– Талай шақырдым. Ол кісілерді шақыра беруге өзім де ұяламын. Учаскелік полицей баратын жеріңіз жоқ екен деп дағдарыс орталығына өзі жеткізіп салды.

«Кетемін» деген кезде буындырып далаға дейін сүйреді. Мені қинама, босат дедім. «Мен сені жақсы көремін» дейді. Ол жақсы көруге жатпайды. Гүлдей өмірімді күл қылдың дедім…

«ТУҒАН АҒАМ СОҚҚЫҒА ЖЫҚТЫ»

Жансәуле, 28 жаста. Екі қызы бар. Үш жарым айдан бері дағдарыс орталығында тұрады.

– Жансәуле, дағдарыс орталығын паналауыңызға не себеп болды?

– Туған ағам екеуміздің арамызда майдан болып жатқандықтан осы жерге келдім. Иә, мұндай жағдай да болады. Көп жағдайда әйелдер күйеуі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Менің жағдайым басқа. Бәрі бала күнімізден келе жатыр. 15 жасымда әкем дүниеден өтті, әкемнің орнына ағам мені тәрбиелегісі келді. Бірақ өзі ашушаң болатын. Менің тарапымнан, туыстарымның тарапымнан жіберілген кішкентай қателіктердің өзін кешіре алмайтын. Адам ретінде мейірімді, бірақ ашуға бой алдыратын. Өзін-өзі ұстай алмайтын кезде қол көтеретін. Мұндай жағдай көп болатын.

Күйеуіммен екіге кеткеннен кейін анаммен бірге тұрдым. Бір күні сөйлескісі келді. Ол кезде де көңіл күйі болмады. Қолымда кішкентай балам болды. Ол адам жағымсыз сөздер айта бастаған соң мен де өзімді қорғадым, жауап бере бастадым. Бірақ оның ашуына тиетін ештеңе айтпадым. Сол кезде ол мені ұра бастады, артынан соққыға шықты.

– Бұл алғашқы жағдай ма?

– Сол кездегі түрімді сөзбен айту мүмкін емес. Бұл бірінші жағдай емес. 21 жасымда ол мені ұрып, тепкілеп тастаған болатын. Бала кезімде де солай. Қазір мүлде араласпаймыз. Сот болды. Ол адамды кешірдім.

– Сот қандай шешім шығарды?

– Ол кінәлі деп танылды, өзі де кінәсін мойындады. Өкінетінін айтты. Ештеңеге қарамай, кешірдім. Соттың өзі белгілі бір уақытқа қамауға мүмкіндік бар екенін айтты. Бірақ оның орнына маған жақындауға тыйым салу туралы қорғаныс ұйғарымын беруді сұрадым.

– Жақындарыңыз мұны қалай қабылдады?

– Анам басынан бастап менің жағымда болды. Әпкем де мені қолдады. «Адам ерте ме, кеш пе өзінің қатесін түсінуі керек» деп айтты. Бір кездері ол әпкеме де қол көтерген.

Біраз уақыт өткен соң барып, сөйлескім келеді. Бір-бірімізден кешірім сұрасақ дейміз. Әрі қарай өмір сүру жеңіл болуы үшін...

Серіктес жаңалықтары

Сараптама