×

Сенатор қазақстандық әйелдердің жұмыста харассментке жиі ұшырайтынын айтты

Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалын Үкімет басшысының атына жолдады

 Дәурен Ерболат 16.11.2023 | 14:58
фото: facebook.com/darhan.hidirali

Қазақстанда жұмыс орындарында әйелдер харассментке жиі ұшырайды. Оларды қорғау үшін заңды күшейту керек. Бұл туралы сенатор Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенатор депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдады.

Оның пікірінше, бүгінде қазақстандықтарды тұрмыстағы зорлық-зомбылық қатты алаңдатып отыр.

«Соңғы 3 айда елімізде мұндай заңбұзушылықтың 4 есе артқаны соның айғағы. Расында, әдепсіз әрекеттер әдетке айналып барады. Кейбір азаматтар өзгелерге түрлі деңгейде тиісу, дөрекілік таныту, жәбір көрсету, қысым жасауды қалыпты жайт ретінде қабылдайды. Қылмыстың кез-келген түрін ақтауға болмайды. Озбырлық түрі – ойран. Сондықтан мұндай заңбұзушылыққа мүлдем төзбеу, зорлық-зомбылыққа ымырасыз болу мәндениетін дамытуымыз қажет. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізу, үлкен ұжымда жауапты арнайы қызметті бекіту қажет деп ойлаймыз», - деді сенатор.

Сенатордың айутынша, БҰҰ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп зерттеу жүргізген. Ол «Қазақстанның еңбек саласындағы харассмент және зорлықтың деңгейінің негізгі себебі» деп аталады. Мұндағы деректерден жұмыс орнында әйелдер харассментке жиі ұшырайтынын аңғаруға болады.

Зерттеуде респондерттердің жартысынан астамы жұмыс орнында харассмент пен зорлықтың барын растаған. Харассментке ұшырағандардың 57,6 пайызы бұл фактілердің бірнеше рет болғанын атап өтті. Бұл жағдайда харассменттің белгілі бір тұлғаға тек физикалық ғана емес, сонымен бірге адамға менталды немесе эмоциялық қысым жасалғанын ескеру қажет.

Зерттеу тұрақты жұмыс орны (41 пайыз) мен корпоративті іс-шараларда (38 пайыз) харассмент жиі болатынын көрсетті. Азаматтардың көп уақыты жұмыста өтенінін ескерсек, бұл – алаңдатарлық жайт, - деді Дархан Қыдырәлі.

Депутат харассменттің алдын алатын арнайы заңның жоқ екенін жеткізді.

«Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздіктерге барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан қорғансыздың күнін кешпеу үшін қазақстандықтарды зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңнаманы күшейту кезек күттірмейді. Заң үстемдігі салтанат құратын Әділетті Қазақстанда кез келген жастағы немесе жыныстағы адам өзін кез келген жерде қауіпсіз әрі жайлы сезінуге тиіс», - деді ол.

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымы №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» конвенциясы бар. 2019 жылдың 21 маусымында қабылданған конвенцияны әлемнің 19 елі ратификациялады. Қазақстанның осы құжатқа қосылғаны отбасы және гендерлік саладағы маңызды қадамдардың бірі болады.

Жыл сайын БҰҰ 25 қараша мен 10 желтоқсан аралағында зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күнді өткізеді. Қазақстан осы күндерді тиімді пайдаланғаны тиімді деп есептейміз, - деді сенатор.

Осыған байланысты Дархан Қыдырәлі ҚР премьер-министрін бірнеше сауалға жауап беруге шақырды:

  • Қылмыстық, Еңбек, Әкімшілік кодекстерде жұмыс орнындағы харассмент немесе зорлық ұғымдарын енгізу, мұндай заң бұзушылықтарға қарсы тиісті жазаны белгілеу қай деңгейде жүргізіліп жатыр?
  • Қазақстан халықаралық еңбек ұйымының «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» конвенциясына қашан қосылады?
  • Жалпы харассментке немесе зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бар ма?

Серіктес жаңалықтары

Сараптама