×

Мұғалімдердің ашық хаты: Оқу-ағарту министрі отставкаға кете ме?

Ғани Бейсембаев бір топ мұғалімнің сынына жауап берді

 Дәурен Ерболат 15.11.2023 | 13:27
Ғани Бейсембаев, фото: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысына ашық хат жазған бір топ ұстаздың сынына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министрге журналист «Қоғамда мұғалімдер сіздің отсавкаға кетуіңізді талап етіп жатыр. Олардың пікірінше, сіз аттестация тапсыруды қиындатып жіберіпсіз. Сіз отставкаға кетесіз бе?» деген сұрақ қойды.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, жаңа аттестациясының ережесі «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Сол жерде құжатпен танысуға болады.

«Құжаттарды мұқият оқысаңыздар, ондағы негізгі идеология – оқушының жетістігі арқылы мұғалімнің жетістігін бағалау. Бұған дейін аттестация негізінен мұғалімдердің портфолио жинауына, өзінің жетістіктеріне ғана негізделген еді. Бұған дейін де аттестацияға өте көп сын айтылған. Біз сынның бәрін жаңа ережеде ескердік. Сондықтан мұнда біз балаларға сапалы білім беруді, саналы тәрбие беруді көздейміз. Аттестация ережесі мен жобасы ұстаздар мен педагогтардың талабына сәйкес келеді», - деді Ғани Бейсембаев.

БАҚ өкілі «Сонда сіз отставкаға кетпейсіз бе?» деп сауалын нақтылады.

Жалпы кез-келген министрді тағайындауды немесе отставкаға жіберуді Мемлекет басшысының қолында. Сондықтан бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді, - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін елімізде бір топ мұғалім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа ашық хат жазып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді талап еткен болатын.

Жүрген жерінде көпірме сөз бен өтіріктен аспайтын министр тіпті, шағын мектепті басқаратын деңгейі жоқ екенін көрсетіп жатыр. Бұлай кете берсе, еліміздің болашағы үшін аса маңызды сала – ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тікелей қатысты сала оқу-ағарту ісіндегі соңғы жылдары жасалған оң өзгерістер құрдымға кетеді, – делінген ашық хатта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама