×

Қазақстанда әрбір төртінші ер адам ғана бала тәрбиесіне теңдей атсалысады – БҰҰ

Астанада «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты VII әкелер форумы өтіп жатыр

 Ербол Тұрымбет 15.11.2023 | 11:52
Фото: Halyq Uni

Форумды «Әкелер одағы» Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырған. Жыл сайынғы дәстүрлі шараға қатысушылар еліміздің бүкіл аумағынан келген. Сонымен қатар, Әзербайжаннан, Орталық Азия елдерінен шақырылған қонақтар бар.

Жиында сөйлеген Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов жұмыс барысында болған мысалымен бөлісті. 

Прокуратурада жұмыс істеп жүргенде брейншторминг жасап, халыққа, қоғамға еш пайдасы жоқ бюрократиядан, қағаздан құтылдық. Нәтижесінде қызметкерлеріміз жұмыстан бұрынғыдай сағат 22:00-де емес, 19:00 шамасында қайтатын болды. Олардың көбі жігіттер. Үйіне ерте барса, балаларымен сөйлесу керек, оларды тәрбиелеу керек. Соны көбі білмейді екен. Үйге барған соң не істейтінін, баламен қалай ойнауды білмейтінін айтты, - дейді Жақып Асанов. 

Соған байланысты Бас прокуратурада тренер-коучтарды шақырып, тренинг өткізген. 

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің айтуынша, зерттеулерге қарағанда, бүгінде әкелер бала күтімі мен тәрбиесін әйелдерімен теңдей бөліседі. Респонденттердің 70 пайыздан астамы бүгінде әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың бұрынғыға қарағанда әлдеқайда сенімді бола түскенін айтқан.

Дегенмен, отбасын құруды жоспарлауда және  балаларына көңіл аударып, уақыт бөлу жағы әлі де жеткіліксіз болып жатқан жайттар бар. Сондықтан ата-ана міндетіне дайындық бойынша кәсіби жұмыс атқарылуы керек, - дейді вице-министр. 

БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қоры гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылықты тыю мәселесіне ер азаматтарды тарту мәселесімен тұрақты айналысып келеді. Қордың Қазақстандағы өкілі, Түрікменстан мен Қырғызстандағы директоры Ронни Линдстромың айтуынша, Қазақстанда бұл жұмыстарын 2019 жылы бастаған. Бүгінде Әкелер одағымен және басқа да ҮЕҰ, БАҚ және азаматтық қоғаммен бірлесіп, әке, ата-ана бола білу тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырған.

Соның негізінде 2021 жылы аталған қор Қазақстандағы ерлердің үй міндеттеріне және бала тәрбиесіне атсалысуы бойынша зерттеу жүргізген. 

Біздің деректеріміз бойынша, қазақстандық ерлердің 68%-ы балаларға қамқорлық жасауды тек ана міндеті деп санайды. Әрбір 4 отбасының тек біреуінде ғана ер адамдар бала күтіміне тең дәрежеде қатысады, - дейді Ронни Линдстром.

Сондай-ақ, оның сөзінше, әрбір төртінші ер респондент әйелдер мен ерлер тең құқықта болуы керек деген пікірмен келіспейді. Ал сауалнамаға қатысқан әйелдердің 83%-ы Қазақстанда гендерлік теңдікті одан әрі ілгерілетуді маңызды деп санайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама