×

Полиция жүргізушілерге ескерту жасады

Талапқа бағынбағандарға айыппұл салынады

 Дәурен Ерболат 13.11.2023 | 14:08
көрнекі фото: Halyq Uni

Алматыда жүргізушілер 2023 жылғы 1 желтоқсан мен 2024 жылғы 1 наурыз аралығында қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, қыста қала жолдарында жүргізуші жазғы дөңгелекпен жүрсе, полиция оған айыппұл салуға хақылы. Мұндай заң бұзушылыққа 17 250 теңге (5 АЕК) айыпұл қарастырылған. Алайда бір жыл ішінде тағы осындай құқықбұзушылық жасаса, оған 34 500 теңге (10 АЕК) айыппұл салынады.

Қыс таяп қалды. Сондықтан 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін қаладағы барлық автокөлік қысқы дөңгелекке ауысуға тиіс. Бұл – қауіпсіздік талабы. Мегаполисте алғашқы жауын-шашын басталғаннан кейін хаос басталады. Себебі жүргізушілер қысқа дайын болмай жатады, - деді Салтанат Әзірбек өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Ол жүргізушілерге қысқа ерте дайындалуға кеңес берді.

1 қарашадан бастап полиция профилактика жұмысын бастады. Олар тек тексеріп жатыр, - деді ресми өкіл.

Бұған дейін Алматыда 2,4 мың мас жүргізуші ұсталғаны хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама