×

«Мектепке лаңкестер шабуыл жасап жатыр». Таразда оқушы ұсталды

Заңда мұндай әрекетке ауыр жаза қарастырылған 

 Дәурен Ерболат 13.11.2023 | 12:21
Фото: polisia.kz

Тараз қаласында полициямен «әзілдеспек» болған оқушы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Нақты айтқанда, 11 жастағы бала әпкесінің телефонын алып, полицияға хабарласып, «мектепке лаңкестердің шабуыл жасап жатқанын» айтқан.

Қоңырау түскен бойда полицейлер мектепке шұғыл аттанған. Оқу орнынан 750 адам эвакуацияланды. Полиция бүкіл ғимаратты және оған іргелес аумақты толық тексеріп, қандай да бір зат пен бөгде адамдар таппаған, - деп жазылған Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Тәртіп сақшылары бұрын осы мектепте оқыған баланы ұстады.

Психологтың, ата-анасының және мұғалімнің қатысуымен жүргізілген әңгіме барысында оқушы әпкесінің ұялы телефонынан қоңырау шалып, қалжыңдамақ болғанын айтқан, - деп жазылған хабарламада.

Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ішкі істер министрлігі терроризм туралы жалған хабарлама таратқаны үшін жаза өте қатаң (17 млн 250 мың теңге (5 мың АЕК) немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеу жазасы) екенін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама