×

Астанада ЖШС директоры мекеменің 1 млрд теңгеге жуық ақшасын құмар ойынға салған

Сотта ол өзіне тағылған айыпты және келтірілген залал сомасын толық мойындады

 Динара Амантай 10.11.2023 | 14:14
Фото: Halyq Uni

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сенiп тапсырылған бөтеннің мүлiкін аса ірі мөлшерде ұрлағаны, яғни талан-таражға салғаны үшін ЖШС директорына қатысты үкім шығарылған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, сотталушы ЖШС-ның бас директоры лауазымында қызметін атқарған уақытында, жұмыс орнында өзінің ұялы телефонын пайдалана отырып, өзіндегі ЭЦҚ-кілтімен дәйексіз деректерді көрсетіп, төлем жүргізу мақсатында «банк-клиент» бағдарламасын жүктеген. Ақшалай қаражатты онлайн аударым арқылы жеке банк шотына, сондай-ақ үшінші адамдарының есеп карточкаларына аударған. Артынша қолма-қол ақшаға айналдырып, букмекерлік кеңселер мен орындарда ойын ставкаларына жұмсап отырған.

Директордың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан ЖШС-ға жалпы сомасы 940 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Сотталушы өзіне тағылған айыпты және келтірілген залал сомасын толық мойындап, соттан бас бостандығынан айырмай, басқаша жаза тағайындауды сұрады.

Сот сотталушыны сеніп тапсырылған бөтеннің мүлікін талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танып, коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды, – делінген сот хабарламасында.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама