×

Астанада осы оқу жылында тағы 7 мектеп ашылады

2027 жылға дейін 180 мыңға жуық оқушыға арналған 65 орта білім орны салынады

 Дастан Жұмабекұлы 09.11.2023 | 14:02
Фото: gov.kz/Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласында осы оқу жылында тағы 7 мектеп ашылады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Қалада инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды салу жұмысын жалғастырамыз. Мәселен, осы оқу жылында тағы 7 мектеп ашамыз. Аталған оқу орындарының құрылыс барысымен таныстым. Бұл мектептер Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан. Сол сияқты, қолданыстағы мектептердің аумағына жаңа корпустар салынады. Мысалы, Кирпичный елді мекенінде, Тархан көшесі, 16, Таха Хусейн көшесі, 5/1, Қарқабат көшесі, 17, Қабанбай батыр даңғылы, 9,1 мекенжайларында салынады, – деді ол.

Сонымен бірге мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 2024-2025 жылдары 24 жайлы мектеп салынады. Олар 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) ашуға мүмкіндік береді. Олардың 15-і Есіл мен Нұра аудандарында орналасады. Дәл қазір бұл аудандарда мектептерге деген аса қажеттілік бар.

2027 жылға дейін бас-аяғы 180 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымда) арналған 65 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл шаралар мектептерге шамадан тыс түсетін жүктеменің қазіргі қиындығын ғана емес, болашақта орын тапшылығы мәселесін толықтай шешеді. Оқу орындары қаланың барлық ауданын, оның ішінде елді мекендерді де қамтиды.

Осыған дейін Астанада оқу жылының басында 4 мектеп ашылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама