×

Петропавлда Мәдениет үйінің директоры бас бостандығынан айырылды

Онымен бірге тағы бірнеше адам сотталды

 Дастан Жұмабекұлы 08.11.2023 | 12:03
Фото: Halyq Uni

Петропавл қалалық сотының шешімімен Мәдениет үйінің директоры, ішкі аудит департаментінің заңгері, бюджеттік қаражатты жымқырған ЖШС басшысы мен оларға пара берген жеке кәсіпкер бас бостандығынан айырылды.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, былтырғы қазан айында Мәдениет үйінің директоры ішкі мемлекеттік аудит департаментінің заңгерімен бірге қалалық Мәдениет үйінің көрермен залын жөндеуге рұқсат алған адамды шеттетіп, басқа ЖШС-нің басшысы К.-мен заңсыз шартқа отырған.

Қалалық соттың мәліметіне қарағанда, кәсіпкер К. тиісті көлемде орындамағанымен, Мәдениет үйінің директоры мен бюджеттік қаражатты жымқырған ЖШС басшысы жұмысты еш кедергісіз қабылдаған. Осылайша, олар бюджет қаражатын ұрлап, мемлекетке 7 млн теңгеден астам шығын келтірді. Сонымен қатар Мәдениет үйінің басшысы жеке кәсіпкерден орындалған жұмыс актісіне қол қойғаны және сахналық қойылымдарды безендіру бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасағаны үшін 454 мың теңге көлемінде пара алды.

Сотталушылар кінәні мойындамады. Дегенмен олардың кінәсі куәгерлер мен сарапшылардың айғақтарымен, жазбаша дәлелдемелермен толық дәлелденді.

Сот үкім шығарарда олардың жас балалары бар екенін ескерді.

Осылайша, Мәдениет үйінің директоры 4 жылға сотталды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Оның асырауында 1 кәмелетке толмаған және 3 жас баланың болуына байланысты сот жазаны орындауды 5 жыл мерзімге кейінге қалдырды.

Ішкі аудит департаментінің заңгері де 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сот ЖШС басшысын 3 жылға соттау туралы шешім шығарды. Ол да жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Ал пара берген жеке кәсіпкерге параның 25 еселенген сомасына тең айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Бұл 11 350 000 теңгеге сәйкес келеді.

Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама