Арыстанбек Мұхамедиұлы соттан куәгерлердің бірін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады

Айгерім Таубай

Экс-министр рейдерлік әрекетке барды және өкілетін теріс пайдаланды деп айыпталып отыр

Арыстанбек Мұхамедиұлы, фото: Halyq Uni

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір қылмыстық іс қаралып жатыр. Бұл жолы экс-министр рейдерлік әрекет жасады деп айыпталған.

Қылмыстық іс елордадағы «Дипломат» қонақүйіне қатысты қозғалған.

2023 жылдың 3 қарашасында өткен сот отырысында Арыстанбек Мұхамедиұлы өтінішхат жолдап, іс бойынша сотта куәлік еткендердің бірін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Процесс барысында сотты менсінбейтіндердің әрекетіне куә болдық. Тек шындықты айтамын деп ант бергендер сотта жалған, шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелер жасады. Қылмыстық істің рейдерлік, лауазымды өкілетін теріс пайдалану бойынша қаралып жатқаны хабарланып жатыр, ал жәбірленушілер мен куәгерлер ұялмай жалған сөйлеумен болды. Жеке басым мен отбасымды қорлайтын сөздер айтып жатыр. Жәберленуші әйелім екеуміз туралы «два сапога пара», ұлымды «алқаш», әйелімнің анасын «кәрі, есі дұрыс емес» деп атады. Куәгер З.К. «Дипломат» қонақүйін С.Қ. басқарғанын бірнеше рет айтты. Соған қарамастан С.Қ-ның қонақүйге кіруіне менің тыйым салғанымды айтады. Алайда мәлімдемесіне қатысты бір де бір дәлел келтірмеді.

Тағы бір куәгер Д.М. қызметкерлерден осы жағдай туралы естігенін айтты. Ол 2020 жылдың қарашасынан бастап BALI spa орталығын Серік Қарымсақовтың басқарғанын айтты. BALI spa-ның «Дипломат» қонақүйі құрылымы екенін айтып отыр. Логика қайда? Менің С.Қ-ның кіруіне тыйым салғанымды айтады, бірақ өзі ұйымдастыру-қаржылық мәселенің бәрін Қарымсақов шешкенін айтты. Д.М.-ды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраймын», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта.

Сондай-ақ Мұхамедиұлын өтінішхаттың екінші бөлігінде айыптау тарапының куәгерлерінен жауап алуды тоқтатып, істі әрі қарай жалғастыруды сұрады. Өзінен жауап алуға қарсы емес екенін білдірді.

Істі қарап жатқан судья Әбинұр Қарабаев куәгерлердің жауабына үкім шығаратын кезде кеңесу бөлмесінде баға берілетінін айтты.

Егер сот олардың жалған куәлік еткен деп таныса, қосымша қаулы шығарылып, оларды жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарады, - деді судья Әбинұр Қарабаев.

Ал өтінішхаттың екінші бөлігіне қатысты судья мемлекеттік айыптаушыға өз тарапын дәлелдеуге мүмкіндік беру керек екенін, тараптардың бәріне құлақ асу қажет екенін айтты.

Прокурор қай куәгерден жауап алу-алмау туралы шешімді өзі қабылдайды. Тіпті куәгерлердің бір бөлігін қысқарта алады. Сондықтан барлық куәгерден жауап аламыз. Арыстанбек Мұхамедиұлы кез келген уақытта сотта жауап бере алады, - деді судья.

Арыстанбек Мұхамедиұлы куәгерлердің нақты дәлелге сүйеніп жауап беруін сұрады.

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 249-бабы 1-бөлігі (рейдерлік әрекетке оқталу), 28-бабы 3-бөлігі – 250-бабы 1-бөлігі (өкілетін теріс пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру) бойынша айыпталып отыр.

2023 жылдың 28 қыркүйегінде прокурор Хайруллаев айыпталушыларға қатысты айыптау актісін оқыды.

Бұған дейін бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Арыстанбек Мұхамедиұлы 28-баптың 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру) және 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында (аса ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлау) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 

Содан кейін экс-министрге шыққан үкім апелляциялық сот алқасында қаралып, өзгеріссіз қалды.