×

Ақтөбеде асық атудан Қазақстан кубогы мәресіне жетті

Үш күнге созылған жарысқа еліміздің 10 өңірінен командалар қатысты 

 Халық үні 02.11.2023 | 10:28
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

1 қарашада Ақтөбе қаласында Асық ату спортынан ересектер арасындағы Қазақстан кубогы аяқталып, жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылардың есімдері белгілі болды.

Үш күнге созылған дүбірлі өте жоғары дәрежеде өтіп, еліміздің 10 өңірінен келген командалар өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсеке асық ату спортының елімізде ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетті. Командалардың ойын өрнегі, шын мықтылардың соңғы сәтке дейін анықталмауы соның айқын дәлелі.

Аса тартысты өткен сында бес асықтан Астана командасының қыздары қарсылас шақ келтірмей жеңістің биік тұғырынан көрінсе, бұл сайысқа екінші құраммен қатысқан Ақтөбе облысының қыздары тарихи жетістікке қол жеткізіп, 2-орынға ие болды. 

Асық атудан соңғы кездері жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген Павлодар облысының құрамасы өздерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, бас жүлде иеленді. 2-орыннан еліміздегі үздік командалардың бірі Шымкент қаласының асықшылары көрінді. Шымқала құрамында өнер көрсеткен үш ағайынды Молжігітовтердің өнері көпшіліктің көңілінен шығып, көрермен көзайымына айналғанмен, оларға сәл ғана ұпай жетпей қалды.

Үздік үштікті Ақтөбе облысының командасы түйіндеді. Былтыр Атырауда өткен ел кубогінде де ақтөбеліктер қола жүлде иеленіп еді. Биыл сол жетістікті қайталады. Ашылғанына екі жыл әлі толмаған Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясы үшін бұл үлкен жетістік.

Жеңімпаз және жүлдегер атанған командаларға ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлы, Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының президенті Әбілқайыр Сотқаров, Еркін күрестен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Құсман Саванаев және Есет батыр атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған спорт интернат-колледжінің директоры Медет Атабаевтар жүлделерін табыс етті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атынан жеңімпаз және жүлделі командаларға қаржылай сыйлықтар және ҚР Туризм және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт істері комитетінің диплом, медаль, кубок тапсырылды.

«Асық ату» республикалық федерациясының президенті – отандық кәсіпкер Аслан Сұлтанов. Федерация жетекшісі болып 2023 жылдың тамызында сайланды.

ҚР «Асық ату» федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына мүше. Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына 9, яғни «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Дәстүрлі садақ ату», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «Теңге ілу» және «Құсбегілік» федерациялары кіреді.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті – танымал кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама