×

«Қарағандыдағы оқиғадан кейін...»: Алматы облысында ауыл жұрты қорғасын-барит кенішінен қауіптеніп отыр

Ауылдықтар кеніштен шыққан барит контрабандалық жолмен сатылып біткенін айтады

 Ербол Тұрымбет 01.11.2023 | 10:20
фото: ауыл тұрғындарынан

Жуырда Алматы облысы Тұйық аулында сондағы қорғасын-барит кенішінің жұмысына қатысты жиын өтіп, ауыл жұрты мен өндіруші компания тарапы келісімге келе алмай тарқасты. Ол жерде шикізат өндірумен айналысып жатқан «Слава Мұнай Сервис» ЖШС-ның (директоры – Юи Хайбинь) жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. Себебі, онда жұмыс істеп жатқандар ауыл тұрғындары, ал еңбек қауіпсіздігі сақталмағанын айтады.

Мәселенің тарихына үңілсек, кеңес үкіметі кезінен қалған кеніш құлай бергеннен кейін жабылып қалып, оны 2019 жылы «Слава Мұнай Сервис» ЖШС ауылдағы шахтаға қайта келіп зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізбек болады. Сол ауылдың өкілі Ернат Ысқақтың айтуынша, жаңадан келген компания сол жұмыстарды жүргізіп жатырмыз деп, кеніштің айналасында сонау кеңес үкіметінен бері үйіліп тұрған шикізаттың бәрін сатып біткен. Оның ішінде барит, қорғасын секілді пайдалы қазбалар бар.

Ендігі мәселе, жаңа компания ашық шахта жасағысы келеді. Бірақ тұрғындардың сөзінше, ол жерде ешқандай қауіпсіздік талабы сақталмаған, заңбұзушылық өте көп.

Ішіне 220 вольттық тоқ тартып тастаған. Жұмысшылары қарапайым киіммен жүреді. Ішіне кіретін ешқандай техникасы жоқ. 1997 жылы жабылған шахтаны қолмен қазып жатыр. Іші қирандыға толы. Алысып жатқаныма 2-3 жыл болды. Қарағандыдағы жағдайдан кейін біздегі жағдайды да ашып айту керек. Ертең ішінде жұмыс істеп жатқан адамдар қырылып қалса қайтеді? - дейді Ернат Ысқақ.

Оның сөзінше, шахтаны қазуды қолға алған компания контрабанмен де айналысуы мүмкін. Себебі Тұйықтағы кеніштен шыққан шикізатты тиеп алып, Жаркент арқылы төтелей Қытайға сатады. Оны сол жиынға қатысқан шахтаны ашып отырған компания өкілі растаған.

Ашық кеніштен елдің денсаулығы үшін алаңдап жүргендердің бірі – ауыл ақсақалы Кемелжан Раматов. Қарияның айтуынша, баяғыда да кенішті ашқан шақта сөз болып, жұрт жаптырып тастаған. Сол кеңес одағы кезінде де бәленбай миллиард айыппұл салған.

Сонымен басылып қалған еді. Енді қайта ашып жатыр. Бұдан не пайда көріп отырғанымыз жоқ. Ел-жұрт болып шулағанымызбен, сөзіміз елеусіз қалып жатыр. Бұлай ашық жасамаса екен. Алатын болса, жабық алсын, болмаса аулақ, - дейді қарт.

Айта кетейік, Тұйық қорғасын-барит кен орны – Алматы облысы Кеген ауылынан солтүстікке қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан Тұйық аулының іргесінде. 1955-1963 жылдары барланып, 1966 жылдан бастап пайдалануға берілген. Құрамында қорғасын, мыс, барит бар. Басты минералдары: галенит, сфалерит, халькопирит, барит, пирит. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Слава Мұнай Сервис» ЖШС-ға Тұйықтан кен қазуға 2020 жылдың 8 желтоқсанында 10 жылдық лицензия берген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама