×

2024 жылдан бастап заңдар алдымен қазақ тілінде жазылады – депутат

Мәжіліс депутаты Үкімет мүшелері берген уәдесінде тұрады деп сенеді

 Дәурен Ерболат 31.10.2023 | 17:18
Абзал Құспан, фото: Halyq Uni

2024 жылдан бастап Қазақстанда заңдардың бәрі алдымен қазақ тілінде жазылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін депутат елімізде заңдар алдымен орысша дайындалып, кейін қазақшаға аударылатынын айтқан еді.

Абзал Құспан Үкімет мүшелерінің депутаттар көтерген мәселеге назар аударғанын жеткізді.

«Бүгін Мәжілістегі комитет отырысын жүргізген депутат Үнзила Шапаққызы бұл мәселе бойынша Үкіметке сауал жолдады. Бәріміз қолдадық. Содан кейін Үкіметтің атынан вице-премьер (Алтай Көлгіновтың) қолы қойылған жауап келді. Онда «2024 жылдан бастап заңдар қазақ тілінде дайындалады» деп жазылған.

Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов қызметінен кеткені белгілі. Алайда ол қызметінен кеткенімен, Үкімет орнында ғой. Сондықтан олардың берген уәдесіне сенеміз», - деді ол.

Бүгінде депутат қазақ тілінде заңдарды дайындауға кіріскенін атап өтті.

Мысалы, мен 2 заң жобасын дайындап жатырмын. Ол құжаттардың атын атай алмаймын. Бірақ оларды қазақ тілінде дайындап жатырмын, - деді Абзал Құспан.

Бұған дейін Әділет министрі Азамат Есқараев мемлекеттік органдар заңды алдымен орыс тілінде әзірлеп, Google арқылы қазақшаға аудара салатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама